Қазақстан аспанында тосын белгі берген ресейлік ұшақ Омбыға қонды

Қазақстан аспанында тосын белгі берген ресейлік ұшақ Омбыға қонды
freepik.com

Қазақстан аспанында апат белгісін берген S7 Airlines әуекомпаниясының Boeing 737-800 ұшағы Омбыға қонды. Бортта 173 жолаушы болған. Әуекомпания мәліметінше, ұшақ бағытын техникалық ақауға байланысты өзгерткен, деп хабарлайды dalanews.kz.

S7 7099 рейсі Новосібірден Махачкалаға бағыт алған. Ұшу кезінде экипаж бортта төтенше жағдай туындағанын білдіретін 7700 белгісін жіберген. Осыдан кейін ұшақ бағытын өзгертіп, Ресейге қарай бет алған.

Flightradar24 дерегіне сәйкес әуе кемесі Қазақстан аумағынан шамамен 10,4 шақырым биікте ұшып өткен. Кейін төмендеп, бағытын өзгерте бастаған. Көкшетау әуежайы өкілдерінің сөзінше, экипаж қонуға рұқсат сұрамаған.

7700 белгісі диспетчерлерге бортта төтенше жағдай болғанын хабарлау үшін қолданылады. Оған техникалық ақау, жолаушының жағдайы нашарлауы немесе басқа да штаттан тыс жағдай себеп болуы мүмкін.