Танымал продюсер Баян Алагөзова Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға ризашылығын білдірді. Ол шаһардағы өзгерістерді жоғары бағалап, көптен бері армандаған бастамасының жүзеге асып жатқанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Продюсер әлеуметтік желіде Алматыдағы ескі ғимараттардың қасбеттері жаңартылып жатқанын айтып, қала келбетінің өзгергеніне қуанышты екенін жеткізді.
Алагөзованың сөзінше, ол бұған дейін қала әкімдігіне ескі үйлердің сыртқы көрінісін жаңартуға қаржы бөлуді бірнеше рет ұсынған.
"Құрметті алматылықтар, қаламыздың келбеті қалай өзгеріп жатқанын байқадыңыздар ма? Қараңыздаршы, қандай тамаша. Барлық ескі үйлер жаңа үйлерге айналып кетті. Бұл менің арманым еді. Мен бірнеше мәрте әкімшілікке үйлердің қасбетін реконструкция жасауға ақша жұмсауға кеңес берген едім. Бәрі жөнделіп жатыр. Қатты қуаныштымын. Орталықта жүру көз қуантады. Тек орталықта ғана емес", – деді Баян Алагөзова.
Өнер иесі Алматыдағы жарықтандыру жүйесі мен ғимараттарды жөндеу жұмыстарына да назар аударған.
Оның пікірінше, Дархан Сатыбалды қала әкімі қызметіне кіріскеннен кейін бірқатар оң өзгеріс байқалған.
"Дархан Сатыбалды келгелі бері біздің қаламыз қатты өзгере бастады. Алдымен жарық бола бастады. Жарықтандыру өте қатты өзгерді. Ең қорқынышты нүкте – жаңа алаңда еді. Бес қабатты үй алаңның сыйқын кетіріп тұрды. Көрдіңіздер ме, жөндеу жұмыстары басталды. Қарсы тұрған үйді де қолға алады. Сонда жаңа алаң жаңа бояумен жарқырайтын болады", – деді Баян Алагөзова.
Продюсер қаладағы ескі ғимараттардың жаңартылуын көптен күткенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді.