Қазақстанда инвестицияға бөлінетін бюджет қаражаты 32 пайыз қысқарды

Қазақстанда инвестицияға бөлінетін бюджет қаражаты 32 пайыз қысқарды
Фото: ЖИ

Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артқанымен, оны қаржыландырудағы мемлекеттің үлесі айтарлықтай азайған. Есесіне кәсіпорындардың өз қаражаты мен қарыз есебінен салынатын инвестициялар көбейіп келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 16,1 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға жоғары.

Алайда инвестицияның қаржыландыру құрылымында елеулі өзгеріс байқалады. Атап айтқанда, бюджет қаражатының үлесі бір жыл ішінде 23 пайыздан 14,3 пайызға дейін төмендеген. Ал мемлекет есебінен бөлінген инвестицияның нақты көлемі 32 пайызға қысқарған.

Осы уақытта кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылатын инвестиция үлесі 63 пайыздан 65,8 пайызға өсті. Банктік несиелердің үлесі 3,7 пайыздан 5,6 пайызға, ал өзге қарыз қаражатының үлесі 10,3 пайыздан 14,3 пайызға жеткен.

Нәтижесінде бизнестің меншікті және тартылған қаражатының жалпы инвестициядағы үлесі 77 пайыздан 85,7 пайызға дейін ұлғайды.

Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары бұл өзгерістер инвестициялық белсенділіктің мемлекеттік қаржыландырудан гөрі кәсіпорындардың өз мүмкіндіктері мен сырттан тартылған қаражатқа көбірек сүйене бастағанын көрсететінін атап өтті.

Осылайша, ел экономикасына салынатын инвестиция көлемі өсіп жатқанымен, оны қаржыландырудағы мемлекеттің тікелей қатысуы азайып келеді.