Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік наградалар табыстап, жаңа міндеттер жүктеді

Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік наградалар табыстап, жаңа міндеттер жүктеді
Akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғау жүйесіне озық технологиялар мен жасанды интеллект енгізіп, құтқару қызметтерінің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Құтқарушылар күніне арналған салтанатты рәсімде сала қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстап, төтенше жағдайлар қызметінің барлық маманына алғыс білдірді.

Тоқаев құтқарушы мамандығының қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, адам өмірін қорғау, адамдарды қауіп-қатерден сақтау, қиын жағдайға тап болғандарға көмек көрсету және оларға қолдау білдіру – құтқарушылардың басты міндеті. Президент бұл мамандықты екінің бірі таңдай алмайтынын айтып, құтқарушылар батыл, жинақы, шешім қабылдай білетін әрі жоғары білікті маман болуы керек екенін жеткізді.

«Құтқарушы болу – қоғамда мойындалған мәртебелі міндет. Алайда азаматтық қорғау саласындағы адал еңбек кез келген адамның қолынан келе бермейтінін ұмытпауымыз керек. Сіздерге қойылатын талап өте жоғары. Сіздер батыл, қайсар, жинақы әрі шешімді болуыңыз керек. Ең бастысы, құтқарушы – елі үшін алаңдайтын патриот әрі жоғары білікті маман», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар органдарының қызметкерлерін арнайы даярлықтан өткен, сын сәтте жедел шешім қабылдай алатын және қауіп-қатерден тайсалмайтын кәсіби мамандар деп атады. Оның сөзінше, құтқарушылар күн сайын өз міндетін орындау барысында өміріне қауіп төндіріп, өзгелердің өмірін сақтап қалуға күш салады.

Президент Қазақстанның ауқымды жаңғырту жолына түскенін және қоғам өмірінің барлық саласында реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Ол елдің басты мақсаты – Заң мен тәртіп қағидаты, бірлік пен келісім орныққан Әділетті, озық, қуатты және таза Қазақстан құру екенін атап өтті.

Тоқаев жаңа Конституцияның 1 шілдеде заңды күшіне енгенін тарихи оқиға деп бағалады. Оның айтуынша, Ата заңда адам мен оның өмірі ең жоғары құндылық ретінде бекітілген. Ал азаматтық қорғау саласының мамандары адам өмірін қорғау арқылы осы конституциялық қағиданы жүзеге асыруға үлес қосып келеді.

Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, елде бір палаталы Құрылтай жұмысын бастады, конституциялық мәртебесі бар Қазақстанның Халық Кеңесі іске кірісті және Қауіпсіздік кеңесіне реформа жүргізілді. Сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өтетіні айтылды.

Президент Қарулы күштерді реформалау және жаңа үлгідегі армия қалыптастыру жұмысы басталғанын хабарлады. Оның сөзінше, Қазақстан армиясы заманауи талаптарға сай, қуатты және кез келген қауіпке тойтарыс беруге дайын болуы керек. Ал мемлекеттің стратегиялық міндеті – елдің тәуелсіздігі мен егемендігін сақтау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау.

Тоқаев азаматтық қорғау саласын дамытуда озық технологияларды енгізу және материалдық-техникалық әлеуетті күшейту маңызды екенін атап өтті. Соңғы бес жылда қазақстандық құтқарушылар 750 мыңнан астам шұғыл шақыртуға жауап беріп, шамамен 240 мың азаматқа көмек көрсеткен.

Президенттің мәліметінше, соңғы үш жылда үш мыңға жуық техника сатып алынған. Олардың қатарында заманауи ұшақтар мен тікұшақтар, сондай-ақ әртүрлі мақсаттағы кемелер бар. Бұған қоса, 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы қауіп-қатерді тұрақты бақылауға, оларды ерте анықтауға және жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.

Сонымен бірге индустриялық және тау-кен кәсіпорындарындағы, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды. Оның айтуынша, цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер өндірістік қауіпсіздікті арттырып, апаттық-құтқару жұмыстарының тиімділігін жақсарта алады.

Президент «Ауыл құтқарушылары» бастамасының нәтижелерін де атап өтті. Осы бағдарлама аясында соңғы екі жылда 300-ге жуық өрт сөндіру бекеті салынған. Бұл шамамен 450 өрттің алдын алуға мүмкіндік берген. Тоқаев осы тәжірибені барлық өңірде кеңейтуді тапсырды.

Мемлекет басшысы құтқарушыларды заманауи қорғаныс құралдарымен және техникамен қамтамасыз ету, олардың кәсіби біліктілігін арттыру әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мәселелерін де көтерді. Үкіметке осы міндеттерді шешуге ерекше назар аудару тапсырылды.

Тоқаев қазіргі құтқарушылар физикалық тұрғыдан дайын болумен қатар, аналитикалық қабілетке ие болып, күрделі әрі стандарттан тыс жағдайларда бағдар таба білуі қажет екенін айтты. Сондай-ақ ұшқышсыз және автоматтандырылған жүйелерді қолдану үшін заманауи технологияларды меңгеру маңызды екенін жеткізді.

Президенттің пікірінше, жаңа буын құтқарушыларын даярлауда Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының орны ерекше. Бұл – Қазақстанда азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны. Академия халықаралық тәжірибені зерделеп, нақты құтқару операцияларының тәжірибесін оқу процесіне енгізуі керек. Сонымен бірге қазақстандық құтқару мектебінің үздік дәстүрлері сақталуы қажет.

Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтары қай жерде жүрсе де, мемлекет оларға көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Оның сөзінше, адам құқықтарын қорғау, өмірі мен қауіпсіздігін ең жоғары құндылық деп тану – Конституцияның негізгі қағидаларының бірі.

Тоқаев қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті. Ол немқұрайлылық пен салғырттық көптеген апаттың себебіне айналатынын айтты.

«Көптеген апаттың туындауына адамдардың өздері себеп болады. Адам өліміне әкелетін көптеген апаттың алдын алуға болар еді. Ол үшін әр адам өзіне жүктелген міндетті адал орындауы керек. Кейбір адамдардың немқұрайлылығы мен жауапсыздығы ауыр зардаптарға әкеледі», – деді президент.

Мемлекет басшысы қоғамда тәртіптілік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен қырағылық қасиеттерін нығайту қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, жастарды заңға құрметпен қарауға, тәртіп сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты болуға тәрбиелеу маңызды.

Сөз соңында Тоқаев құтқарушылардың қоғам алдындағы еңбегін жоғары бағалап, олардың күнделікті қызметі мен азаматтық жауапкершілігін атап өтті. Президент бейбіт күнде ерлік көрсетіп, өзгелерге көмектескен азаматтардың еңбегі мемлекет назарынан тыс қалмайтынын айтты.