Қазақстан мен Камбоджа алты меморандум қабылдады: қандай келісімдер жасалды?

Қазақстан мен Камбоджа алты меморандум қабылдады: қандай келісімдер жасалды?
Ақорда

Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манеттің қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасу рәсімі өтті. Екі ел цифрландыру, сауда, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған алты меморандум қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстан мен Камбоджа арасында мынадай құжаттар рәсімделді:

  • Жасанды интеллект және цифрлық даму саласы. Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Камбоджаның Пошта және телекоммуникациялар министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандум.
  • Цифрлық үкімет және GovTech. Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Камбоджаның Ішкі істер министрлігі арасында цифрлық үкімет, GovTech және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
  • Сауда-экономикалық ынтымақтастық. Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен Камбоджаның Сауда министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандум.
  • Мәдениет және өнер. Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Камбоджаның Мәдениет және көркем өнер министрлігі арасында мәдениет пен өнер салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
  • Туризм. Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі мен Камбоджаның Туризм министрлігі арасында туризм саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
  • Қалалар арасындағы байланыс. Қазақстан астанасы Астана мен Камбоджа астанасы Пномпень арасында бауырластық байланыс орнату туралы меморандум.

Құжаттар екі ел арасындағы экономикалық, технологиялық және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған.

Айта кетейік, Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет шағын құрамда келіссөз жүргізіп, сауда-экономикалық қатынастарды нығайту, энергетика саласындағы ықпалдастықты кеңейту және тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін талқылаған болатын.