Қазақстанда 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ға азайды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерінде көрсетілген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Есепті кезеңде елде 69,351 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілген. Қыркүйек айында бұл көрсеткіш 7,663 млн тоннаны құрады. Бұл тамыз айымен салыстырғанда 9,6%-ға аз.
Табиғи газ өндіру де төмендеген. Қаңтар-қыркүйек айларында газ өндірісі 46,6 млрд текше метрге жетіп, бір жылда 10,4%-ға қысқарған. Ал қыркүйек айында табиғи газ өндіру көлемі тамызбен салыстырғанда 26,8%-ға азайып, 4,3 млрд текше метр болды.
Сонымен қатар мотор отынының кейбір түрлерін өндіру артқан. Тоғыз айда Қазақстанда 4,612 млн тонна бензин өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға көп. Дизель отынының өндірісі 3,4%-ға өсіп, 4,942 млн тоннаға жетті. Керосин өндірісі 22%-ға артып, 677 мың тоннаны құрады.
Ал мазут өндірісі керісінше төмендеген. Қаңтар-қыркүйек айларында 1,053 млн тонна мазут өндіріліп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 29,7%-ға азайған.