eGov-та отбасының табысы мен мүлкін бағалайтын жаңа калькулятор пайда болады

eGov-та отбасының табысы мен мүлкін бағалайтын жаңа калькулятор пайда болады
pixabay.com

Қазақстанда отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы 16 қазан күні eGov электрондық үкімет порталында іске қосылады. Құрал азаматтарға отбасының қандай санатқа жататынын және мемлекеттік қолдаудың қандай түрлеріне үміткер бола алатынын алдын ала анықтауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, калькулятор әзірленіп, техникалық тексеруден өткен. Қызмет eGov порталында ғана емес, eGov Mobile мобильді қосымшасында да қолжетімді болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаевтың сөзінше, азаматтар құрал арқылы өз отбасының жағдайын модельдеп, есепке алынатын көрсеткіштер негізінде алдын ала бағалау нәтижесін көре алады.

«Отбасы құрамын, активтерін, көлігінің бар-жоғын және басқа да көрсеткіштерді енгізіп, өз жағдайыңызды тексере аласыз. Мұны жеке деректерді жарияламай, жасырын түрде жасауға болады», — деді вице-министр.

Калькулятор азаматтарға мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігін алдын ала бағалауға көмектеседі. Алайда оның нәтижесі мемлекеттік жәрдемақы немесе өзге де көмек міндетті түрде тағайындалады дегенді білдірмейді. Нақты шешім тиісті талаптар мен рәсімдерге сәйкес қабылданады.