Күйеуіне қорған болған Respublica филиалының басшысы кімге сенеді?

Күйеуіне қорған болған Respublica филиалының басшысы кімге сенеді?
Фото: видеодан скрин

Түркия азаматы Амин Абдаллах Хүсейн Қазақстанда үш автокөлік сатып алу үшін 90 миллион теңге төлеп, содан бері көліктерін де, ақшасын да қайтара алмай жүргенін мәлімдеді. Ол Жан Ахмадиге берген сұхбатында өзін алдады деп айыптаған азаматтың жұбайы Respublica партиясының филиалын басқаратынын және күйеуінің мәселелерін ықпалды адамдарға телефон шалу арқылы шешуге тырысатынын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, Айдын Салтақ есімді азаматпен оны Еркебұлан есімді танысы байланыстырған. Келісім бойынша оған бір Toyota Land Cruiser 300 және екі Toyota Camry автокөлігі жеткізілуге тиіс болған.

"Оны досым Еркебұлан арқылы таныдым. Ол маған Land Cruiser 300 және екі Toyota Camry көлігін сатуды ұсынды. Осы ұсыныс туралы досымнан естіп, 90 миллион теңге алдын ала төлем жасадым. Бұл 2025 жылдың қараша айында болған. Содан бері көліктерді алған жоқпын", - деді Амин Абдаллах Хүсейн.

Сұхбат кейіпкерінің айтуынша, көліктерді жеткізу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Ол үш ай бұрын құқық қорғау органдарына арыз түсіргенін жеткізді.

"Ол көліктерді бірде бір айдан кейін, бірде он күннен соң беремін деп уәде етті. Ақырында үш ай бұрын оның үстінен арыз жаздым", - деді Түркия азаматы.

Видеода сұхбаттан кейін аталған іс бойынша арызданушының бопсалау күдігімен ұсталғаны да айтылады. Сондай-ақ дауға қатысы бар адамның жұбайының саяси партияда қызмет ететіні және мәселені телефон қоңыраулары арқылы шешуге ықпал жасайтыны жөнінде мәлімдеме айтылған.

Қазіргі уақытта сұхбатта аты аталған азаматтың ұстанымы, 90 миллион теңгенің қандай құжат негізінде берілгені және істің құқықтық мәртебесі белгісіз. Құқық қорғау органдары да аталған жағдайға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.