Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен үлестік құрылысқа қатысу туралы жалған шарттар арқылы пәтерлерді заңсыз иемдену дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Төленді" тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған А.Б. 1,5 мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқырудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған. Осы қылмысы үшін ол 2016 жылы 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Кейін Астана қаласы әкімдігінің қатысы бар тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған. Пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік жағынан осал топтағы өзге де азаматтарға берілуге тиіс болған.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққаннан кейін А.Б. сыбайластарымен бірге осы пәтерлерді иемденудің жаңа айласын ойластырған. Ол үшін шын мәнінде үлескер болмаған және пәтер сатып алмаған азаматтардың атына кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттар жасалып, құжаттар өткен күнмен рәсімделген. Осы жалған үлескерлердің атынан құқық қорғау органдарына алаяқтық жасалғаны туралы арыздар берілген. Сол арыздардың негізінде қылмыстық істер қозғалып, жалған үлескерлер жәбірленуші деп танылған. Қылмыстық топ сот шешімдерін пайдаланып, пәтерлерді өз аттарына рәсімдеуді, кейін оларды өзге адамдарға сатып, түскен ақшаны өзара бөлісуді көздеген.
Тергеу барысында қылмыстық әрекетке 80-нен аса жалған үлескер тартылғаны анықталды. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлік нысанын рәсімдеу жоспарланған. Осылайша, жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді.
Қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсына нақты міндет жүктелген. Бірі жалған үлескерлерді тауып, олардың атына жалған шарттар рәсімдесе, енді бірі сол шарттарды өзге азаматтарға сатып, қылмыстық істер жүргізілуіне ықпал еткен.
Қылмыстық топ кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттарды азаматтарға сатқан. Соның салдарынан азаматтарға 400 млн теңгеден аса шығын келген.
ҚМА мәліметінше, бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы бары анықталған. Лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану және дәлелді бұрмалау дерегі бойынша тергеу басталды. Іс бойынша 19 адам күдікті деп танылып, олардың тоғызы қамауға алынды. Күдіктілердің жалпы құны 250 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды.
Тергеу аяқталды. Тараптар іс материалдарымен танысуға кірісті.