2025 жылы әлемдегі деректер орталықтарының электр энергиясына сұранысы 17 пайыз, ал жасанды интеллектіге бағытталған орталықтардың тұтынуы 50 пайыз өсті. Ал UNESCO сауалнамасына қатысқан жоғары оқу орындарының үштен екісі ЖИ қолдану тәртібін енгізген және әзірлеуге кіріскен. Технологияның ықпалы күшейген сайын оның адам ойлауына, білімге, қарым-қатынасқа және мемлекеттердің цифрлық дербестігіне әсері де өзекті бола түсті. Алматыда өткен Be Woman Asia форумында технологиялар этикасы мен ықпал ету психологиясы бойынша сарапшы Натали Нахай және Women in Tech Global ұйымының негізін қалаушы Аюми Мур Аоки аталған өзгерістердің пайдасы мен көмескі тұстарын Dalanews.kz тілшісіне берген сұхбатында талдап берді.
ЖИ неліктен адамды үнемі мақтайды?
Бүгінде жасанды интеллект ақпарат іздеумен ғана шектелмейді. Ол мәтін жазып, идея ұсынып, адамның жеке мәселелеріне қатысты кеңес беріп, кейде маңызды шешім қабылдауға да араласады. Алайда чат-боттың жылдамдығы мен қолайлылығы оның адам ойлауына қалай әсер ететіні жөніндегі сауалды алға шығарып отыр.
Натали Нахайдың айтуынша, қазіргі чат-боттар пайдаланушымен әңгімені барынша ұзақ жалғастыруға бейімделген. Сондықтан мұндай жүйелер адамның пікіріне қарсы шығып, оны ойландырудан гөрі, көзқарасын қолдап, мақтауға бейім болады.
“Чат-бот сізді: “Сіз кереметсіз, идеяңыз ғажап”, – деп мақтайды. Әрине, сіздің керемет екеніңізге күмәнім жоқ. Бірақ мұндай сөзді күн сайын ести берсек, кейбір адамдар шынайылықтан алшақтап, тіпті клиникалық деңгейдегі сандырақ күйге түсуі мүмкін. Бұл мәселенің ең ауыр салдары деуге болады”, - дейді сарапшы.
Бұл құбылыс технология саласында “sycophancy”, яғни пайдаланушыға жағу немесе онымен орынсыз келісе беру деп аталады. Оның бар екенін жасанды интеллект әзірлеушілері де мойындаған. 2025 жылы OpenAI шамадан тыс жағымды әрі келісімпаз жауаптар берген GPT-4o жаңартуын кері қайтарғанын хабарлады. Компания мұндай мінез-құлықтың шынайы емес қолдауға әкелетінін атап өтті. Anthropic зерттеуі де адам пікірімен сәйкес келетін жауаптардың кейде шындыққа негізделген жауаптардан жоғары бағаланатынын көрсетті.
Бір ғана дайын жауап білім аясын тарылта ма?
Натали Нахай ЖИ-дің тағы бір әсерін “эпистемикалық тарылу”, яғни білім аясының шектелуі ұғымымен түсіндірді.
Бұрын іздеу жүйесі бір сұраққа әртүрлі дереккөзден ондаған нәтиже ұсынатын. Пайдаланушы сол материалдарды салыстырып, ақпараттың қайдан алынғанын қарап, өз қорытындысын жасайтын. Ал генеративті ЖИ көп жағдайда бірнеше дереккөздің орнына бір ғана жинақталған жауап береді.
“Егер білімге қолжетімділік азайса, жаңа ой-тұжырымдар да азаяды. Адамның дамып, көзқарасын өзгерту мүмкіндігі төмендейді. Бұл - қауіпті”, - дейді Натали Нахай.
Дайын жауап уақыт үнемдегенімен, оның қалай жасалғаны, қандай ақпараттың іріктеліп, қай деректің тыс қалғаны пайдаланушыға әрдайым көріне бермейді. Нәтижесінде адам ақпаратты зерттеушіден дайын қорытындыны қабылдаушыға айналуы мүмкін.
Сарапшы бұған қарсы тұрудың күрделі емес бірнеше жолын ұсынды.
“Әрдайым иүпкі дереккөздерді тексеру, кітап оқу, бір-біріне қайшы пікірлерді салыстыру және өзіміз келіспейтін адамдармен сөйлесу”, - деді ол.
Оның пікірінше, адамның дамуына үнемі келісім емес, интеллектуалды қайшылық та қажет.
Университеттің міндеті диплом берумен шектелмейді
Аюми Мур Аоки де осы ойды білім мәселесі арқылы жалғастырды. ЖИ мәтін, мақала және зерттеу жоспарын әзірлей алатын кезеңде университет дипломының маңызы азая ма деген сауалға ол үзілді-кесілді келіспейтінін айтты.
“Жасанды интеллект бізге көптеген істе көмектесе алады. Бірақ университетте оқу тек мәтін теруді немесе жазуды үйрену емес. Бұл - ойлау үдерісі, ол адамның миын дамытады”, - дейді Аюми Мур Аоки.
Сарапшы қазір докторлық оқуын аяқтап жатқанын және осы жолды ересек өміріндегі ең маңызды тәжірибелерінің бірі санайтынын жеткізді.
“Білім алу бізге қалай ойлау керегін, сұрақ қоюды, кез келген ақпаратқа күмәнмен қарауды және оны бірден ақиқат деп қабылдамауды үйретеді. Университеттің күші де осында. Ол дербес ойлауды, сыни көзқарасты, ізденіс пен шығармашылықты дамытады”, - деді ол.
Демек ЖИ жоғары білімді қажетсіз етпейді, керісінше оның міндетін өзгертеді. Егер бұрын білім ордасының негізгі қызметі ақпарат беру болса, енді сол ақпаратты талдау, тексеру және орынды қолдану қабілеті алдыңғы қатарға шығады.
UNESCO да генеративті ЖИ-ді білім беру ісінде “дайын жауап беретін қысқа жол” емес, ойлауға көмектесетін құрал ретінде қолдануды ұсынады. Ұйым шығармашылық пен сыни ойлауды технология алмастыра алмайтын негізгі дағдылар қатарына жатқызады. Сонымен бірге 2025 жылғы сауалнамаға сәйкес, UNESCO желісіндегі жоғары оқу орындарының шамамен үштен екісі ЖИ қолдануға арналған ереже енгізген немесе оны әзірлеп жатқанын хабарлаған.
Чат-бот шынайы жақындықтың орнын баса ала ма?
ЖИ-дің адамға ықпалы біліммен шектелмейді. Натали Нахай “синтетикалық жақындық” ұғымына назар аударды.
Чат-бот бірінші жақтан сөйлеп, “Мен сізді түсінемін”, “Сіздің жан күйзелісіңізді сеземін”, “Сізге көмектесуге рұқсат етіңіз” деген сөздерді қолданғанда, адам оны саналы түрде бағдарлама деп білсе де, эмоциялық тұрғыдан тірі жан ретінде қабылдауы мүмкін.
“Егер чат-бот үнемі қолжетімді болып, сізді мақтап, ештеңе талап етпесе, оған үйрену өте оңай. Ол жылап жатқан сәби емес, ұрыс-керістен кейін көңілі қалған сүйіктіңіз емес, өмірден өтетін жақыныңыз да емес. Ол үнемі қасыңызда. Бірақ ол шынайы емес”, - дейді сарапшы.
Нақты қарым-қатынас тек қолдау мен мақтаудан тұрмайды. Онда келіспеушілік, жауапкершілік, сабыр, кешірім және өзге адам үшін белгілі бір нәрседен бас тарту бар. Ал чат-бот пайдаланушыға мұндай міндет жүктемейді.
Натали Нахайдың пікірінше, кедергісіз виртуалды байланысқа тым үйренген адам өмірдегі түсініспеушілік пен қиындықты көтеруге осал болуы мүмкін.
“Егер қиындыққа кезікпесек, өспейміз. Бұл қағида адамның ойлау қабілетіне де, қарым-қатынасына да қатысты”, — дейді ол.
ЖИ адамның саяси таңдауына ықпал ете ала ма?
Натали Нахай көтерген келесі мәселе - үлкен тілдік модельдердің саяси идеялар мен жалған ақпараттың ықпалына түсуі.
Сарапшы мұны LLM poisoning, яғни модельге әдейі бұрмаланған немесе белгілі бір мүддеге сай дерек енгізу қаупімен байланыстырды.
“Үлкен тілдік модельдерге енгізілетін дерек белгілі бір саяси идеяларға сәйкес жауап беретіндей ықпал етуі мүмкін. Сондықтан бұл - нақты қауіп”, — дейді ол.
ЖИ моделі жалған ақпаратты өздігінен “ойлап таппауы” да мүмкін. Бірақ оқыту деректеріне, ашық интернеттегі материалдарға немесе мақсатты түрде таратылған контентке тәуелді болғандықтан, сол кеңістіктегі бұрмалауды қайталау қаупі бар.
Натали Нахай Ұлыбританиядағы Demos сараптамалық орталығының осы бағыттағы зерттеулерін мысалға келтірді. Demos-тың 2026 жылғы есебінде модельдерді улау, интернеттегі дереккөздерді өзгерту және сайлау туралы қате ақпарат тарату қатері қарастырылған. Сонымен бірге зерттеушілер бір ғана саяси хабарлама адамның көзқарасын бірден өзгерте қоймайтынын, пікірдің ұзақ уақыт ішінде әртүрлі ақпарат пен әлеуметтік ортаның ықпалымен қалыптасатынын ескертеді.
Яғни қауіп бір реттік жалған жауаптан ғана туындамайды. Ол белгілі бір көзқарас ұзақ уақыт бойы қайталанып, балама пікірлер көрінбей қалған кезде күшейеді.
ЖИ жұмыс орындарын жоя ма, әлде жаңа мүмкіндік аша ма?
Аюми Мур Аоки жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалын “жартылай толы және жартылай бос стақанмен” салыстырды.
Оның айтуынша, автоматтандыру ең алдымен қайталанатын және қарапайым қызметтерге әсер етеді. Көмекші атқаратын кейбір міндеттерді қазірдің өзінде алгоритмдер орындай бастады. Сондықтан адамның бір ғана дағдыға сүйенуі жеткіліксіз.
“Университетте білім алу, түрлі дағдыларды меңгеру және зерттеу жүргізу әлі де маңызды. Бұл адамға өзгерген ортада өз орнын табуға мүмкіндік береді”, — дейді сарапшы.
Сонымен қатар ол ЖИ-дің әйелдерге беретін мүмкіндігіне назар аударды. Технология үйден білім алуға, қажетті ақпарат пен зерттеуге қол жеткізуге, жеке цифрлық көмекшіні пайдалануға және идеяны қысқа мерзімде бизнес-модельге айналдыруға жағдай жасайды.
“Жасанды интеллекті “жұмысымды тартып алатын құрал” деп қабылдауға болады. Бірақ ол жаңа бағыт табуға және өз орныңды қайта айқындауға да көмектеседі. Адам үйренуге дайын болып, технологияны өз пайдасына қолданса, мансабын жақсарта алады”, — дейді Аюми Мур Аоки.
Демек еңбек нарығындағы негізгі айырмашылық “ЖИ қолданатын” және “қолданбайтын” мамандар арасында ғана болмайды. Алгоритм ұсынған нәтижені тексеріп, оны кәсіби білімімен ұштастыра алатын адам басымдыққа ие болады.
Жасанды интеллектінің экологиялық құны қандай?
ЖИ көзге көрінбейтін виртуалды қызмет болғанымен, оның артында орасан көлемдегі физикалық инфрақұрылым тұр. Модельдерді үйрету және іске қосу үшін деректер орталықтары, қуатты серверлер, электр энергиясы, салқындату жүйелері мен түрлі шикізат қажет.
Аюми Мур Аоки осы шығынды ЖИ дамуының назардан тыс қалмауға тиіс тұсы деп атады.
“Жасанды интеллектінің қанша энергия тұтынатынын, атмосфераға қанша жылу бөлетінін және оны салқындатуға қанша ресурс қажет екенін білеміз. Сондықтан оның планетаға зиян келтіру қаупі бар”, — дейді ол.
Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, 2024 жылы әлемдегі деректер орталықтары шамамен 415 тераватт-сағат электр энергиясын тұтынған. Бұл дүниежүзіндегі электр тұтынудың 1,5 пайызына жуық. 2025 жылы олардың электрге сұранысы тағы 17 пайызға, ал негізінен ЖИ-ге бағытталған орталықтардікі 50 пайызға өскен. Қазіргі үрдіс жалғасса, 2030 жылы деректер орталықтарының тұтынуы екі еседен асып, 945 тераватт-сағатқа жетуі ықтимал.
Алайда Аюми Мур Аоки технологияның өзі шешімнің бір бөлігіне айналуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
“ЖИ көмегімен энергия өндірудің және планетаны қорғаудың жаңа жолдарын үйренуіміз мүмкін. Қазір кейбір шешімдер бар, бірақ мінсіз нұсқа әлі табылған жоқ. Бұл - міндетті түрде шешуге тиіс мәселе”, — дейді сарапшы.
Мәселенің түйіні ЖИ-ден бас тартуда емес, оның тиімділігі мен пайдасын энергия, су және экологиялық шығынмен бірге есептеуде жатыр.
Цифрлық отаршылдық қалай қалыптасады?
Аюми Мур Аоки сұхбат барысында мемлекеттердің технологиялық тәуелділігіне де тоқталды. Оның пікірінше, цифрлық отаршылдық қаупі, әсіресе, өзінде жиналған деректі сыртқа шығарып, дайын инновацияны шетелден сатып алатын елдер үшін жоғары.
“Кейбір елдер мен өңірлер шикі деректерін экспорттап, инновацияны импорттайды. Цифрлық отарланудың нақты қаупі осындай жағдайда пайда болады”, — дейді сарапшы.
Бұл жерде дерек табиғи шикізатқа ұқсайды. Пайдаланушылардың әрекеті, тұтынуы, қаржы операциялары, денсаулығы мен қозғалысы туралы ақпарат бір елде жасалғанымен, оны өңдеп, экономикалық құнға айналдыратын технология басқа мемлекеттің немесе халықаралық платформаның қолында болуы мүмкін.
UNCTAD бұған дейін жаһандық цифрлық платформалардың дамушы елдерден шикі дерек жинап, сол деректен жасалатын құнның басым бөлігін өзінде қалдыру қаупін атап өткен. Ұйым мұндай теңсіздік дамушы мемлекеттерді дерек жеткізуші, ал дамыған елдерді дайын цифрлық өнім өндіруші рөлінде қалдыруы мүмкін екенін ескертеді.
Аюми Мур Аоки Қазақстанның жағдайын біржақты қауіп ретінде бағаламады. Керісінше, елдің жас халқын, экономикалық мүмкіндігін және цифрлық трансформацияға бағытталған мемлекеттік бастамаларын оң қырынан атады.
Бұл пікір ресми саясаттағы соңғы өзгерістермен де үндеседі. Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланып, “Digital Qazaqstan” ұлттық стратегиясы қабылданды. Экибастұзда халықаралық цифрлық инфрақұрылымды орналастыруға арналған Data Center Valley жобасы қолға алынған. Сонымен қатар ұлттық ЖИ инфрақұрылымына сүйенетін зерттеу университеті мен жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылды.
Алайда инфрақұрылым салу цифрлық тәуелсіздіктің жалғыз шарты емес. Елде деректі сақтау мен қорғау жүйесі, жергілікті зерттеу мектептері, білікті мамандар, есептеу қуаты және өз технологиясын нарыққа шығара алатын компаниялар қатар дамуы керек. Әйтпесе мемлекет технологияны белсенді қолданғанымен, оның негізгі құны мен басқару тетігі сыртта қалуы мүмкін.