Украинадағы соғысқа тартылған жеті Қазақстан азаматы майдан шебінен шығарылып, Ресейдің Воронеж қаласына жеткізілген. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Заңгердің айтуынша, жеті азамат қазір соғыс аймағынан шығарылған. Ол олардың жақын арада елге оралуы мүмкін екенін жеткізді.
"Алла қалап балалардың қазіргі таңда жетеуі соғыс шебінен алдырылып, Воронежге жеткізілді. Алла қалап елгеде келер күні де алыс емес сияқты. Лайым жақсы жаңалық көп болғай", – деп жазды заңгер.
Бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін Украинадағы соғысқа тартылған қазақстандықтардың ата-аналары Сыртқы істер министрлігінің алдына жиналған болатын. Олар балаларын елге қайтаруға көмектесуді сұрап, мемлекеттік органдарға өтініш білдірген.
Осы оқиғаға байланысты қоғам назарын аударғандардың бірі – Шымкент тұрғыны Сымбат Келдібек. Ол 2006 жылы туған інісі Айнабек Келдібектің тағдырына алаңдап, көпшіліктен көмек сұраған еді.
Туыстарының айтуынша, Айнабек биыл маусым айында Алматыда Ұлттық ұлан қатарындағы әскери борышын аяқтаған. Ал 27 тамызда досымен бірге табыс табу мақсатында Ресейге кеткен.
Кейін әлеуметтік желілерде Ресейге жұмыс іздеп барған бірнеше қазақстандықтың соғысқа тартылғанын айтып, елге қайтаруды сұраған бейнеүндеулері тарады.
Осыдан кейін азаматтардың жақындары құзырлы органдарға жүгініп, оларды қауіпсіз жерге шығару мәселесін көтерді.
Мейірман Шекеевтің соңғы мәлімдемесіне сәйкес, жеті қазақстандық Воронежге жеткізілген. Алайда олардың Қазақстанға нақты қашан оралатыны әзірге белгісіз. Бұл мәліметке қатысты ресми органдардың растауы жарияланған жоқ.