Алматыда салық төлеуден жалтарған екі адам сотталды

Алматыда салық төлеуден жалтарған екі адам сотталды
pixabay.com

Алматыда жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы мемлекетке 245 млн теңге шығын келтірген екі адам сотталды. Сот олардың бірін қылмыстық схеманы ұйымдастырғаны, екіншісін оған көмектескені үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Прокуратураның мәліметінше, бір топ адам тауарларды іс жүзінде жеткізбей, жұмыстар мен қызметтерді орындамай-ақ жалған шот-фактуралар жазып беру схемасын ұйымдастырған. Бұл әрекеттер салық төлеуден жалтаруға мүмкіндік берген.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс процестік прокурордың сүйемелдеуімен жүргізілген.

Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабының 3-бөлігі бойынша екі адамға қатысты айыптау үкімін шығарды. Үкімнен кейін сотталғандар сот залында қамауға алынды.

Алматы қаласының прокуратурасы экономикалық қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді.