Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа, оның жиені Мадияр Калменовке және видеограф Ұлан Нүсіпқодаға қатысты қылмыстық істі қарау басталды. Алғашқы сот отырысында қорғаушылар іс материалдарымен танысу кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеп, істі прокурорға қайтаруды сұрады. Сондай-ақ адвокаттардың бірі судьяға қарсылық білдіретінін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Санжар Боқаевқа қандай айыптар тағылған?
16 қазанда Алматы қаласының Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында Санжар Боқаевқа қатысты істің алғашқы отырысы өтті. Сотта оның жиені Мадияр Калменов пен видеограф Ұлан Нүсіпқожа да айыпталушы ретінде отыр.
Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша қаралып жатыр:
190-бап – алаяқтық;
188-бап – ұрлық;
218-бап – қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру;
340-бап – ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу;
274-бап – көрінеу жалған ақпарат тарату.
Қорғаушылар істі неге прокурорға қайтаруды сұрады?
Сот отырысында адвокаттар қылмыстық іс материалдарымен толық танысуға мүмкіндік берілмегенін мәлімдеді.
Адвокат Алма Мусинаның айтуынша, дискілердегі кейбір бейнежазбалар ашылмаған. Сонымен қатар қорғау тарапы өзіне берілген материалдарды толық зерттеп үлгермеген.
Адвокат Артем Аскаровтың сөзінше, қорғаушылар іс бойынша 12 том материалмен таныспаған. Ал Санжар Боқаев хат алмасуларды қамтитын құжаттардың тек үш томын ғана зерттеген.
Бұдан бөлек, адвокаттар қазақ тіліндегі бейнежазбаларды қарау үшін аудармашы берілмегенін айтты.
Осы уәждерге байланысты қорғау тарапы істі болжамды заңбұзушылықтарды жою үшін прокурорға қайтаруды сұрады. Судья үзіліс жариялады.