Ыстамбұлда су тасқыны салдарынан үш адам қаза тапты. Тағы бес адам Ыстамбұлда, бір адам көршілес Қоджаели провинциясында із-түссіз жоғалғандар қатарында, деп хабарлайды dalanews.kz.
15 қазанда кешке Ыстамбұлда тағы да қатты нөсер жауын жауды. Жауын-шашын салдарынан жылғалар арнасынан асып, қаланың кәріз жүйесі су көлеміне төтеп бере алмады. Әлеуметтік желіде су басқан көшелердің видеолары тарады.
Бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, су тасқынынан қаза тапқандар саны үшке жеткен. Садабад ауданында құтқарушылар көпір тірегінің жанындағы жылғадан 56 жастағы адамның сүйегін тапқан. Бұған дейін тағы екі адам қаза тапқан.
Сондай-ақ, Ыстамбұлда бес адам, ал көршілес Қоджаели провинциясында бір адам із-түссіз жоғалғаны белгілі болды.
AFAD дерегінше, су тасқынының салдарын жою жұмыстарына 46 597 адам тартылған. Бұдан бөлек, ел бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тағы 58 085 маман жұмылдырылған. Ведомство оқиға орнына мың еріктіні де жіберген. Күні бойы зардап шеккендерге 9 185 азық-түлік жиынтығы таратылған.