2027 жылдан бастап қандай отбасылар әлеуметтік төлемдер ала береді? Министрлік түсіндірді

2027 жылдан бастап қандай отбасылар әлеуметтік төлемдер ала береді? Министрлік түсіндірді
gov.kz

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мұқтаждық деңгейіне қарай әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі енгізіледі. Осы өзгерістерден кейін C, D және E санаттарына жататын отбасылар тиісті талаптарды сақтаған жағдайда бірқатар мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік қолдау шараларын алу құқығын сақтайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

C, D және E санаттары кімдерге беріледі?

C санаты – орташа табысы бар, тұрмыс жағдайы тұрақты отбасылар.

D санаты – экономикалық тұрғыдан осал отбасылар. Олардың жағдайын бағалау кезінде табысының төмендігі, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің тұрақты жұмысының болмауы, тұрғын үй мәселесі, мерзімі өткен кредиттері және басқа да факторлар ескеріледі.

E санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал, мемлекет тарапынан бірінші кезекте көмек көрсетуді қажет ететін отбасылар. Әдетте мұндай отбасыларда бірнеше мәселе қатар кездеседі. Мәселен, табысы өте төмен болуы, тұрақты жұмысының, баспанасының, мүлкі мен жинақ ақшасының болмауы, сондай-ақ мерзімі өткен қаржылық міндеттемелерінің болуы мүмкін.

Отбасының санаты қалай анықталады?

Отбасының санатын анықтау кезінде тек жалақы мөлшері есепке алынбайды. Отбасының цифрлық картасы арқылы 50-ден астам көрсеткіш талданады.

Олардың қатарында отбасының табысы, жұмыспен қамтылу жағдайы, тұрғын үйі мен басқа да жылжымайтын мүлкі, автокөліктері, кредиттері, бизнесі, жер учаскелері, отбасы құрамы және өзге де мәліметтер бар.

Қандай отбасылардың жәрдемақысы тоқтатылуы мүмкін?

2027 жылдан бастап жоғары және ауқатты тұрмыс деңгейін білдіретін A және B санаттарындағы отбасылар мұқтаждық өлшемі енгізілетін кейбір әлеуметтік төлемдерден айырылуы мүмкін.

Ал C, D және E санаттарындағы отбасылар тиісті төлемдерді алу үшін қойылатын өзге де талаптарды орындаған жағдайда мемлекеттік қолдау алу құқығын сақтайды.

Бұл ретте отбасының санаты тұрақты болып қалмайды. Егер оның қаржылық жағдайы өзгерсе, мәртебесі қайта қаралуы мүмкін.

Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер автоматты түрде жаңартылып отырады. Ал үй шаруашылығының санаты ай сайын анықталады.