Дәрігерлер, инженерлер, аспаздар: Қазақстанда қай мамандық иелері қанша табады?

Дәрігерлер, инженерлер, аспаздар: Қазақстанда қай мамандық иелері қанша табады?
pixabay.com

Қазақстанда 300 мың теңгеден жоғары есептелген жалақы алатын жұмысшылардың үлесі бір жылда 53,7%-дан 58,4%-ға дейін өсті. Ал 100 мың теңгеге дейін жалақы алатындардың үлесі 3,3%-дан 2,3%-ға дейін төмендеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бюроның мәліметінше, бұл көрсеткіштер 2026 жылғы сәуірде жүргізілген жыл сайынғы іріктемелі зерттеу нәтижесінде алынған. Зерттеуге толық бір ай жұмыс істеген қызметкерлер енгізілген. Есептелген жалақыға қосымша төлемдер, үстемеақылар, сыйақылар, салықтар мен зейнетақы аударымдары кіреді.

Зерттеу бойынша ұйымдар мен кәсіпорындардағы қызметкерлер саны 3 млн 378,6 мың адамды құрады. Олардың 48,1%-ы ерлер, 51,9%-ы әйелдер.

Қай мамандық иелері қанша жалақы алады?

2026 жылы орташа есептелген айлық жалақы мамандықтардың барлық тоғыз ірі тобы бойынша өскен. Ең жоғары өсім өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сабақтас салалардағы жұмысшылар арасында тіркелді – 13,1%. Өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілердің жалақысы 10,4%-ға артқан.

Мамандықтар бойынша орташа айлық жалақы мынадай болды:

•⁠  ⁠Ұйым басшылары – 1 млн 101,1 мың теңге;
•⁠  ⁠Инженерлер – 702 мың теңге;
•⁠  ⁠Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы инженерлері – 645 мың теңге;
•⁠  ⁠Инженер-технологтар – 617 мың теңге;
•⁠  ⁠Инженер-энергетиктер – 615,1 мың теңге;
•⁠  ⁠Дәрігерлер – 491,4 мың теңге;
•⁠  ⁠Бухгалтерлер – 398,6 мың теңге;
•⁠  ⁠Фармацевтер – 347,7 мың теңге;
•⁠  ⁠Жүргізушілер – 328,1 мың теңге;
•⁠  ⁠Фельдшерлер – 313,6 мың теңге;
•⁠  ⁠Медбикелер – 264,6 мың теңге;
•⁠  ⁠Аспаздар – 192,6 мың теңге;
•⁠  ⁠Күзетшілер – 174,2 мың теңге.

Техниктердің орташа есептелген жалақысы 314,7 мың теңгені құраған.

Ұлттық статистика бюросы жариялаған деректер есептелген жалақыны көрсетеді. Сондықтан бұл сомалар қызметкерлердің қолына алатын таза табысымен бірдей емес. Сонымен қатар зерттеу тек толық ай жұмыс істеген қызметкерлерді қамтыған.