Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының ұсынымдары негізінде 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасындағы 456 млрд теңгеге қатысты тәуекелдер жойылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жоғары аудиторлық палата бюджет жобасына алдын ала бағалау жүргізіп, бюджеттік жоспарлау сапасын арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірледі. Құжат 14 қазанда Құрылтай отырысында бірінші оқылымда қаралды.
Палатаның мәліметінше, тексеру барысында даму бюджетіне Мемлекеттік инвестициялық жобалар портфеліне енгізілмеген жобаларды іске асыруға қаражат жоспарланғаны анықталған. Бұл Бюджет кодексінің талаптарына қайшы келеді. Осыған байланысты Палата мемлекеттік инвестициялық жобалар портфелін өзектендіруді ұсынды.
Сонымен қатар бюджет жобасының кейбір бағыттары бойынша қажетті есептеулер мен растайтын құжаттар, оның ішінде нәтижелік көрсеткіштері жаңартылған қаржылық-экономикалық негіздемелер болмаған.
Осы ескертулерді ескере отырып, бюджет жобасы Құрылтайға енгізілгенге дейін 456 млрд теңгеге қатысты бюджет құжаттамасын түзету шаралары қабылданған.
Жоғары аудиторлық палата алдын ала бағалаудың мақсаты бюджет шығыстарын механикалық түрде қысқарту емес екенін атап өтті. Оның негізгі міндеті – бюджеттік теңгерімсіздіктерді анықтау, қаражатты негізді жоспарлау және тиімсіз болуы мүмкін шығындардың алдын алу.
Бюджет қаражатын қысқарту немесе қайта бөлу жөніндегі түпкілікті шешімді бюджет туралы заң жобасын қарау кезінде Құрылтай депутаттары қабылдайды.