Алдағы мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуге қажетті қаражат Үкімет резервінен бөлінеді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, сайлау науқанына қанша қаржы қажет екенін Орталық сайлау комиссиясы есептейді. Ол үшін алдымен сайлау науқанының ұзақтығы мен сайлау учаскелерінің саны анықталуы керек.
«Үкімет резервінен қаржы бөлінеді. Одан жалпыұлттық маңызы бар бастамаларға қаражат бөлінуі керек. Бұған дейін өткен сайлаулардың құнын жариялағанбыз. Сайлау науқанының ұзақтығы мен сайлау учаскелерінің саны белгілі болған соң, Орталық сайлау комиссиясы қажетті соманы есептейді. Біз сол қаражатты Үкімет резервінен бөлеміз», – деді Серік Жұманғарин.
Еске салайық, кеше Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтетін күнді белгіледі.