Қазақстан үкіметі ауқатты отбасыларға берілетін әлеуметтік көмекті қысқарту арқылы 2027 жылы 700 млрд теңге, ал алдағы үш жылда шамамен 2,5 трлн теңге үнемдеуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қолдау көрсету кезінде азаматтардың нақты мұқтаждығы негізгі өлшемге айналады.
Үкімет басшысы қазіргі жүйеде табысы жоғары және тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға бірдей қолдау көрсетілуін әділетсіз деп санайтынын айтты. Оның пікірінше, мемлекет көмекті өз күнін өзі көре алмайтын азаматтарға бағыттауы керек.
«Жағдайы жақсы, өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар адамдар мемлекет көмегіне сүйенбеуі керек, олар өз күшіне сенуі тиіс», – деді Бектенов Құрылтай отырысында.
Премьер-министрдің түсіндіруінше, әлеуметтік көмек тұрақты табыс көзіне айналмауы керек. Оның мақсаты – қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетіп, кейін олардың өз бетінше күн көруіне мүмкіндік беру.
Үкіметтің жоспарына сәйкес, жаңа тәсіл әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаражатты қайта бөлуге мүмкіндік береді. Алайда нақты қандай төлемдер мен жәрдемақылар қысқаратыны және отбасылардың табысы қандай өлшемдер бойынша бағаланатыны туралы толық ақпарат берілген жоқ.