Қазақстанда перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел жәрдем станцияларының 357 басшысы және олардың орынбасары кәсіби біліктілігін бағалау үшін аттестаттаудан өтеді. Тестілеу 14 қазанда басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарларын кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы тапсырма берген. Оның айтуынша, медициналық көмектің сапасы дәрігерлердің кәсібилігіне ғана емес, аурухана жұмысын ұйымдастыруға және басқарушылық шешімдердің қаншалықты жылдам қабылданатынына да байланысты.
Министрлік мәліметінше, бұл кезеңде 357 басшы мен олардың орынбасары бағалаудан өтеді. Ал перзентханалар, балалар медицинасы және жедел жәрдем қызметтері жүйесінде әртүрлі деңгейдегі шамамен 1,1 мың басшы мен орынбасар жұмыс істейді.
Аттестаттау кезінде басшылардың нормативтік талаптарды білуі ғана емес, оларды іс жүзінде орындауды қамтамасыз ету қабілеті де бағаланады. Атап айтқанда, ұжым жұмысын ұйымдастыру, науқастарға медициналық көмекті уақытылы көрсету, ресурстарды тиімді пайдалану және медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелеріне назар аударылады.
Ақмарал Әлназарова бас дәрігердің жауапкершілігі құжаттармен жұмыс істеумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, медициналық ұйым басшысы аурухананың жұмысына және пациенттің қандай нәтиже алып шығатынына жауапты.
Министрлік аттестаттаудың негізгі мақсаты медициналық көмектің қауіпсіздігін, қолжетімділігін және уақытылы көрсетілуін қамтамасыз ету екенін мәлімдеді.