Қазақстандықтарға скрининг пен екпе туралы SMS-хабарлама жіберіледі

Қазақстандықтарға скрининг пен екпе туралы SMS-хабарлама жіберіледі
Фото: Жи

Қазақстанда профилактикалық тексерулер мен вакцинация жөніндегі ақпаратты азаматтарға 1414 нөмірі арқылы жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

19 қазаннан бастап Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарында скринингтен өту қажеттігін ескертетін SMS-хабарламалар пилоттық режимде жіберіле бастайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүйе алты бағыт бойынша профилактикалық тексеруден өтуі тиіс азаматтарды автоматты түрде анықтайды.

Хабарлама алған тұрғындар тіркелген емханасына барып, қажетті тексеруден өте алады.

Ал 26 қазаннан бастап вакцинацияға қатысты SMS-хабарлама бүкіл ел аумағында іске қосылмақ. Екпе медициналық ақпараттық жүйеге тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцинаның түрі мен салынған күні көрсетілген хабарлама келеді.

"Егер SMS-тегі ақпарат шындыққа сәйкес келмесе, азамат 1414 нөміріне жауап хабарлама жібере алады. Мәлімет тексеру үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданады", - деп хабарлады министрлік.