Бағдат Мусин Қазақстан үшін маңызды жобаның іске қосылғанын мәлімдеді

Бағдат Мусин Қазақстан үшін маңызды жобаның іске қосылғанын мәлімдеді
Бағдат Мусин. Фото: gov.kz

"Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылуына қатысты пікір білдірді. Ол тарихи жобаны жүзеге асырған мамандарға алғыс айтып, бұл жетістіктің ел үшін маңызын атап өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Каспий теңізінің түбімен өтетін жаңа халықаралық байланыс желісін ресми түрде іске қосты.

Жоба "Қазақтелеком" және әзербайжандық AzerTelecom компанияларының бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды. Каспий теңізінің түбімен 380 шақырым талшықты-оптикалық кабель төселіп, екі мемлекет арасында тікелей цифрлық байланыс орнатылды.

Бағдат Мусин Instagram парақшасында жариялаған жазбасында жаңа инфрақұрылымның Қазақстанның халықаралық деректер тасымалы саласындағы мүмкіндігін кеңейтетінін жеткізді.

"Қазақстан үшін бұл – Азия мен Еуропа арасындағы маңызды цифрлық торапқа айналу жолындағы тағы бір қадам. Жаңа бағыт халықаралық деректер транзитін дамытуға, еліміздегі Деректер орталықтары алқабын (Data Center Valley) өркендетуге және ірі технологиялық компанияларды тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады", – деп жазды ол.

"Қазақтелеком" басшысы жобаның табысты аяқталуы көптеген маманның бірнеше айға созылған еңбегінің нәтижесі екенін ерекше атап өтті.

"Бірақ мен үшін бұл жоба, ең алдымен, адамдар туралы. Біздің инженерлер, теңізшілер, сүңгуірлер, кабель төсеушілер мен оны іске асыру жолында айлап еңбек еткен барша жандар туралы. Әзербайжандық әріптестерімізге және "Қазақтелекомның" бүкіл командасына алғыс айтамын! Осы кабельдің әрбір шақырымының артында сіздердің орасан зор еңбектеріңіз тұр. Бүгін біз ортақ жұмысымыздың нәтижесін көріп отырмыз. Қолдан келді", – деді Бағдат Мусин.

Жаңа желі Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы цифрлық транзиттік орталық ретіндегі рөлін нығайтуға, деректер орталықтарын дамытуға және халықаралық технологиялық компанияларды тартуға мүмкіндік береді.