Пәтер мен көлік отбасыны мемлекеттік жәрдемақыдан айыра ма?

Пәтер мен көлік отбасыны мемлекеттік жәрдемақыдан айыра ма?
ЖИ: Dalanews.kz

Пәтер мен көлік отбасыны мемлекеттік жәрдемақыдан айыра ма? Қазір қоғамда көп талқыланып жатқан тақырып — осы. Неге? Себебі Еңбек министрлігі халыққа әлеуметтік қолдау көрсету жүйесіне өзгеріс енгізгелі жатыр. "Қаржылық сауат" сарапшылары талдау жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазір қалай еді? Отбасы немесе оның бір мүшесі қандай да бір әлеуметтік санатқа жата ма — мемлекеттік жәрдемақы тағайындала береді. Министрлік ол ережені өзгерту керек дейді. Өйткені ол тәсіл барлық отбасының тұрмыс деңгейіндегі айырмашылықтарды толық ескере бермейді. Жаңа өзгеріс мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға нақты бағыттауды көздейді екен.

Ол қалай іске асады?

Еңбек министрлігі Қазақстандағы әр отбасының әлеуметтік әл-ауқатын анықтайды. Ол үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерге сүйенбек. Сол арқылы отбасының материалдық жағдайы мен әлеуметтік тұрақтылығы жан-жақты бағаланады.

Отбасының қаржылық жағдайы қалай? Отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған ба? Жылжымайтын мүлкі, көлігі, жер учаскесі, бизнесі бар ма? Қаржы ұйымдары алдында міндеттемелері (несиесі ғой) бар? Отбасы құрамы, мүшелерінің жас деңгейі және басқа да әлеуметтік ерекшеліктер — бәрі ескерілмек.

Енді санатқа бөлінеміз

Иә. Қазірдің өзінде жұрт «Сен қай санатқа жатасың?» деп бір-бірінен сұрай бастады. Жаңалықтың шет жағасын естіп қалған кей ағайын «көлігі, үйі барлар үкіметтен ештеңе алмайды» деп кесіп айтып жүр. Әсілінде, олай емес.

Түсіндірейік. Отбасылар әлеуметтік әл-ауқатына қарай бес санатқа бөлінеді:

  • А санаты — әл-ауқаты жоғары деңгей;
  • В санаты — ауқатты деңгей;
  • С санаты — жағдайы қанағаттанарлық деңгей;
  • D санаты — экономикалық тұрғыдан осал деңгей;
  • Е санаты — экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгей.

Яғни отбасының қай санатқа жататыны бір ғана көрсеткішпен анықталмайды. Барлық фактор бірге ескеріледі.

«Сондықтан пәтердің, көліктің немесе басқа да мүліктің болуы өздігінен отбасын белгілі бір санатқа жатқызуға негіз болмайды» деп анық жазылған ресми хабарламада.

Маңыздысы мынау:

Жаңа тәсілмен бағаланған кезде А немесе В санатындағы отбасыларға мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалатын жекелеген жәрдемақылар берілмейді. Ал қазір осы төлемдерді алып жүрген отбасыларға жәрдемақы заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтайды.

С, D және Е санатындағы отбасыларға тиісті мемлекеттік қолдау шаралары бұрынғы талаптарға сай көрсетіле береді.

Еңбек министрлігі хабарлайды: Бұл өзгерістер әлеуметтік қолдаудың бүкіл жүйесі жойылады дегенді білдірмейді. Заңнамада азаматтардың жекелеген санаттарына арналған ерекшеліктер мен кепілдіктер бар. Олар отбасының әл-ауқат деңгейіне қарамастан сақталады.

Егер отбасының өмірлік жағдайы өзгерсе, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі жаңартылған мәліметтер негізінде оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта қаралуы мүмкін. Бұл жаңа талап 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі мүмкін.