Ақмола облысының Атбасар қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген Ержұман Арынбек есімді азамат көз жұмды. Туыстарының айтуынша, оның бостандыққа шығуына шамамен 20 күн қалған.
Марқұмның жаза мерзімі қазан айының соңында аяқталуы тиіс болған. Алайда 9 қазанда отбасына оның қайтыс болғаны туралы хабар жеткен.
Туыстарының сөзінше, оларға Ержұман Арынбектің өз-өзіне қол жұмсағаны айтылған. Алайда жақындары бұл нұсқаға күмән келтіріп отыр.
Олар әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, оқиғаның барлық мән-жайын ашық әрі әділ тексеруді талап етті.
Марқұмның туыстары оның аз уақыттан кейін бостандыққа шығуы тиіс болғанын алға тартып, мұндай қадамға баруы мүмкін екеніне сенбейтіндерін жеткізген.
Сонымен қатар отбасы түзеу мекемесіндегі жағдай мен қызметкерлердің әрекеттеріне құқықтық баға берілуін сұрап отыр.
Оқиғаға қатысты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолданған. Әзірге ведомствоның ресми түсініктемесі жарияланған жоқ.