Ресейлік рэпер Navai Қазақстанға кіреберістегі «Қордай» өткізу бекетінде ұсталған. Оның көлігін тексеру кезінде есірткі заты табылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полицияның мәліметінше, әнші 13 қазанда Қазақстанға кіріп келе жатқан кезде «Қордай» шекара бекетінде қолға түскен. Операцияны полиция қызметкерлері шекарашылармен бірлесіп жүргізген.
Әнші отырған көлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленген.
«Есірткі заттарын контрабандалық жолмен өткізуге оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады полиция.
14 қазанда әншінің Астанада концерті өтуі керек болған. Алайда ұйымдастырушылар іс-шараның кейінге қалдырылғанын немесе тоқтатылғанын хабарлады. Олар бұған техникалық себептерді алға тартқан.
Navai кім?
Навай Бакиров – әзербайжан ұлтынан шыққан ресейлік рэпер әрі әнші. Ол HammAli & Navai дуэтінің мүшесі ретінде танымал болған. Кейін жеке орындаушы ретінде де көпшілікке кеңінен танылды. Оның «Пустите меня на танцпол», «Прятки» және «Девочка-война» сияқты әндері тыңдарман арасында танымал.