Министр Саясат Нұрбек қуанышты жаңалықты айтты

Министр Саясат Нұрбек қуанышты жаңалықты айтты
Саясат Нұрбек. Фото: facebook.com/sayasat

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленген Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашраповты жеңісімен құттықтады.

Министр әлеуметтік желідегі парақшасында қос спортшының жетістігін Қазақстан жастары үшін үлкен үлгі деп бағалады.

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алды.

Саясат Нұрбек Айбек Айтбековтің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, ал Юсуф Ашраповтың М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде білім алып жүргенін атап өтті.

"АҚШ төрінде көк туымыз желбіреді! Бір әлемдік додада екі бірдей балуанымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбеков 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның мерейін асырды!

Айбек Айтбеков Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алса, Юсуф Ашрапов М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенті. Қос чемпион ел намысын абыроймен қорғады.

Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты» деген жыр жолдары осындай жастарға арналғандай. Ақынның «Мен жастарға сенемін!» деген сөзі Юсуф пен Айбек секілді өрендердің жеңісімен үндесіп тұр.

Жеңіс тұғырындағы чемпионға қарап, спортқа қадам басатын студенттер көбейсін. Қазақстандық жастардың есімі ғылымда да, білімде де, спортта да таныла берсін!

Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбековті, олардың жаттықтырушыларын және жақындарын әлем чемпионатындағы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын!

Алтын медальдарың құтты болсын, жігіттер! Көк туымызды әлі талай әлемдік додада желбірете беріңдер", – деп жазды министр.

Айбек Айтбеков 60 келіге дейінгі салмақта топ жарса, Юсуф Ашрапов 72 келіде чемпион атанды.