Қазақстанда жас ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне алдағы үш жылда 3 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Қаржының ең көп бөлігі технология мен өнеркәсіп саласына бағытталады. Жоба аясында зерттеушілер үш жылға 30 млн теңгеге дейін грант ала алады. Алайда қаражатты пайдалану мен ғылыми нәтижелерге қатысты бірқатар талап қойылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті 2027 жылға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурсының құжаттамасын бекітті. Іргелі және қолданбалы зерттеулерге үш жыл ішінде 3 млрд теңге бөлу көзделген. Жыл сайын 1 млрд теңгеден қарастырылған.
2026 жылғы тамызда келісілген бағдарлама докторантурадан кейінгі даярлықтан өтіп жатқан жас ғалымдарға жеке грант беруді көздейді.
Жоспар бойынша, 3 млрд теңгенің 1,05 млрд теңгесі технология мен өнеркәсіп саласына бағытталады. Климат пен агроөнеркәсіп кешеніне 750 млн теңге, іргелі ғылымға 630 млн теңге бөлінеді. Денсаулық пен өмір сапасын жақсартуға 390 млн теңге, қауіпсіздік пен қорғаныс саласына 180 млн теңге қарастырылған.
Әр постдокторант Қазақстанда үш жыл бойы зерттеу жүргізуге 30 млн теңгеге дейін грант ала алады. Жылдық қаржыландыру көлемі 10 млн теңгеден аспайды. Ғалым зерттеуді ғылыми консультантпен бірге жүргізуге тиіс, қосымша зерттеу тобын тартуға рұқсат етілмейді.
Грант қаражатын еңбек ақысына, ғылыми іссапарларға, зерттеу жұмыстарына, ғылыми жарияланымдарға, жабдықтар мен материалдар сатып алуға, сондай-ақ жалға алу шығындарына жұмсауға болады. Алайда әр шығынның қажеттілігі негізделуі керек. Ғылыми консультанттың еңбекақысы жалпы еңбек ақы қорының 20 пайызынан аспауға тиіс.
Конкурсқа 44 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады. Үміткердің ғылыми дәрежесі немесе аяқталған докторантурасы болуы қажет. Докторантураны аяқтаған, бірақ диссертациясын әлі қорғамаған қатысушылар оны грант беру туралы келісімшарт жасалғаннан кейін бір жыл ішінде қорғауға тиіс.
Үш жылдық зерттеу аяқталғанша қатысушылар белгіленген талаптарға сай ғылыми жарияланымдар дайындауы немесе конкурс шарттарында көзделген балама нәтижені ұсынуы қажет. Ғылыми әдеп нормаларын бұзған немесе міндеттемелерін орындамаған зерттеушілерге қатысты шектеулер қарастырылған. Мұндай жағдайларда олардың ғылыми гранттар конкурстарына қатысуына үш жылға дейін тыйым салынуы мүмкін.
Бұған дейін Ғылым комитеті Қазақстанның бір палаталы парламентке көшуін зерттеуге арналған 200 млн теңгелік конкурс жариялаған. Алайда конкурс өтпей қалған. Оның тоқтатылу себептері мен қарастырылған қаржының кейінгі тағдыры туралы ақпарат жарияланбаған.
Бұл мәселе ғылыми зерттеулерге бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуын ашық көрсету қажеттігін де аңғартады. Жас ғалымдарға арналған жаңа бағдарламада қаржының қалай бөлінетінімен қатар, зерттеулердің нәтижесі мен есептілігіне қойылатын талаптар да маңызды болмақ.