Қазақстандық оқушылар робототехникадан әлемдік чемпионатта үздік төрттікке енді

Қазақстандық оқушылар робототехникадан әлемдік чемпионатта үздік төрттікке енді
gov.kz

Қазақстан ұлттық құрамасы Корея Республикасының Инчхон қаласында өткен FIRST Global Challenge 2026 халықаралық спорттық робототехника чемпионатында әлемдік рейтингтің үздік төрттігіне енді. Байқауға әлемнің 185 елінен командалар қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстандық оқушылар іріктеу кезеңіндегі 11 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама әлемдік рейтингте төртінші орынға ие болып, инженерлік дайындық пен командалық жұмыстың жоғары деңгейін көрсетті.

Қазақстан құрамасы бұған дейін төрт жыл қатарынан FIRST Global Challenge чемпионатының жеңімпазы атанған болатын. 

Ұлттық құрама сапында Алматы қаласындағы М.Ганди атындағы №92 мектеп-лицейдің 9-11-сынып оқушылары Хусейн Мақсұт, Нұртас Серік, Аспандияр Бердали және Арнур Абдулла, сондай-ақ, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның оқушысы Ерасыл Ендібай өнер көрсетті.

Ұлттық құрама Оқу-ағарту министрлігінің "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен USTEM Foundation қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған іріктеу нәтижесінде жасақталған. Бұл жұмысқа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері қатысып, Astana Motors құрамындағы OMODA & JAECOO брендтері қолдау көрсетті.