2027 жылы мүлік салығы қалай есептеледі? Сарапшы түсіндірді

2027 жылы мүлік салығы қалай есептеледі? Сарапшы түсіндірді
Фото: 24.kz, коллаж: ЖИ

2027 жылдан бастап кейбір қазақстандықтардың мүлік салығы өздеріне тиесілі жылжымайтын мүліктің жалпы құнына қарай есептеледі. Егер бір адамның атына тіркелген нысандардың жиынтық салықтық құны 450 миллион теңгеден асса, оған жаңа есептеу тәртібі қолданылады. Qazaq Expert Club құрылыс саласының сарапшысы Диляра Сейтнұрова өзгерістің кімдерге қатысты екенін және салық сомасы қалай анықталатынын түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Отбасының емес, бір адамның мүлкі есепке алынады

Бұған дейін мүлік салығы әр нысанға жеке есептелетін. Мәселен, азаматтың екі пәтері болса, әрқайсының салықтық құны бөлек анықталып, тиісті мөлшерлеме қолданылатын.

Енді жылжымайтын мүліктің жалпы құны да ескеріледі. Алайда бұл талап отбасының ортақ мүлкіне емес, бір адамның атына тіркелген нысандарға қатысты.

“Егер 31 желтоқсанда бір адамның атына тіркелген нысандардың жиынтық құны 450 миллион теңгеден аспаса, салық бұрынғыдай әр нысанға жеке есептеледі. Ал осы межеден асқан жағдайда салық мүліктің жалпы құнына қарай шығарылады. Бұл жерде бүкіл отбасының емес, нақты бір адамның атына тіркелген мүлік есепке алынатынын ескерген жөн”, - деді Диляра Сейтнұрова.

Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Алайда мүлік салығы салық кезеңінің қорытындысы бойынша есептелетіндіктен, азаматтар жаңа тәртіппен шығарылған соманы 2027 жылы көреді.

“Салық органдары 2026 жылға тиесілі соманы 2027 жылғы 1 шілдеден кешіктірмей есептеуге тиіс. Ал азаматтар оны 2027 жылғы 1 қазанға дейін төлеуі керек”, - деді сарапшы.

450 миллион теңге нарықтағы бағамен есептелмейді

Сарапшының сөзінше, 450 миллион теңгелік межені анықтаған кезде пәтердің сатылымдағы бағасы ескерілмейді. Салық салу мақсатындағы құнды “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы есептейді.

“Бұл нарықтағы баға емес, арнайы есептеу арқылы анықталатын құн. Ол пәтердің сатылатын бағасынан едәуір төмен болуы мүмкін. Мәселен, нарықта 80 миллион теңге тұратын пәтердің салықтық құны 15–20 миллион теңге болып шығуы ықтимал. Сондықтан 450 миллион теңгелік шек нарықтағы бағасы 150 миллион теңгеден үш пәтер деген сөз емес. Іс жүзінде бір адамның атына тіркелген нысандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін”, - деді Диляра Сейтнұрова.

Салықтық құн баспананың әр шаршы метріне белгіленген базалық мөлшер негізінде есептеледі. Республикалық маңызы бар қалаларда ол 60 мың теңге, облыс орталықтарында 36 мың теңге, ал облыстық маңызы бар қалаларда 12 мың теңге көлемінде белгіленген. Кенттер мен ауылдарда бұл көрсеткіш одан да төмен.

Есептеу кезінде ғимараттың тозу деңгейі, орналасқан аймағы және айлық есептік көрсеткіштің өзгеруі де назарға алынады.

Қандай нысандардың құны қосылады?

Жиынтық салықтық құнды анықтаған кезде бір адамның атына тіркелген мына нысандар есепке алынады:

  • пәтерлер мен тұрғын үйлер;
  • саяжай құрылыстары;
  • гараждар;
  • автотұрақ орындары;
  • өзге де ғимараттар, құрылыстар мен үй-жайлар.

Ал жер телімдері бұл сомаға қосылмайды. Олардың салық базасы жердің ауданына немесе жер үлесіне қарай басқа тәртіппен анықталады. Дегенмен жер телімдері де жеке тұлғалардың мүлік салығы салынатын нысандар қатарына жатады.

500 миллион теңгенің мүлкіне қанша салық салынады?

Сарапшының түсіндіруінше, жылжымайтын мүліктің жиынтық салықтық құны 450 миллион теңгеден асса, салықтың тұрақты бөлігіне межеден асқан соманың 2 пайызы қосылады.

“Мысалы, бір адамның атына тіркелген барлық нысанның салықтық құны 500 миллион теңге делік. Бұл белгіленген межеден 50 миллион теңгеге артық. Оның 2 пайызы 1 миллион теңгені құрайды. Оған 2 миллион 946 мың 600 теңге көлеміндегі тұрақты бөлік қосылып, жылдық салық 3 миллион 946 мың 600 теңге болады”, - деді ол.

Мүлік салығының көлемі өңірге қарай да өзгеруі мүмкін. Тұрғын үйлер мен саяжай нысандарын бағалау кезінде қолданылатын базалық коэффициент бірге тең. Алайда жергілікті мәслихаттар оны 50 пайызға дейін, яғни 1,5-ке дейін көтере алады.

Мұндай шешім алдын ала қабылданып, келесі жылдың басынан бастап күшіне енеді. Сондықтан сипаты ұқсас жылжымайтын мүлік үшін әр қалада әртүрлі салық есептелуі ықтимал.

Сарапшы есепті алдын ала тексеруге кеңес берді

Диляра Сейтнұрованың айтуынша, атында бір ғана пәтері бар азаматтардың алаңдауына негіз жоқ. Ал бірнеше қымбат жылжымайтын мүлкі бар адамдар әр нысанның салықтық құнын алдын ала анықтап алғаны жөн.

“Нарықтағы бағаға емес, мемлекеттік бағалауға сүйену керек. Әр нысанның салықтық құнын анықтап, олардың жалпы сомасы 450 миллион теңгеге жақындай ма, соны тексерген дұрыс. Бұл мәліметті жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органынан білуге болады”, - деді сарапшы.

Жаңа тәртіп бойынша хабарлама 2027 жылы, 2026 жылғы мүлік үшін жіберіледі. Сарапшы хабарлама келгеннен кейін есепке барлық нысанның дұрыс енгізілгенін және олардың құны негізсіз көтерілмегенін тексеруге кеңес берді.

“Салық есептеу кезінде қателік болуы мүмкін. Сондықтан нысандар мен олардың бағасы дұрыс көрсетілмесе, мәселені бірден көтеріп, есепке уақтылы шағымданған жөн”, - деп қорытындылады Диляра Сейтнұрова.