Жәрдемақы тағайындаудың жаңа тәртібі: экономист қандай ұсыныс айтты?

Жәрдемақы тағайындаудың жаңа тәртібі: экономист қандай ұсыныс айтты?
Фото: inform.kz, коллаж: Dalanews

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақы отбасының тұрмыс деңгейіне қарай тағайындалады. Жаңа тәртіпке сәйкес, табысы жоғары отбасылар кейбір төлемдерден қағылуы мүмкін. Экономист, R-Finance компаниясының қаржы кеңесшісі Арман Байғанов Dalanews.kz тілшісіне бұл өзгерістің тиімді тұстары мен тәуекелдері туралы айтты. 

Жәрдемақы кімдерге берілмеуі мүмкін?

Үкіметтің 2026 жылғы 5 қазандағы қаулысына сәйкес, жаңа тәртіп 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Құжатта мемлекеттік жәрдемақының он түрі қамтылған. Олардың қатарында бала туғанда берілетін біржолғы төлем, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім жәрдемақысы және көпбалалы отбасыларға арналған төлемдер бар. 

Жаңа жүйе бойынша отбасылар әлеуметтік әл-ауқатының деңгейіне қарай А, В, С, D және Е санаттарына бөлінеді. Әл-ауқаты жоғары А және ауқатты В санатына кіретін азаматтарға мұқтаждық өлшемі қолданылатын кейбір жәрдемақылар тағайындалмауы мүмкін. Егер төлем алып жүрген отбасы кейін осы екі санаттың біріне жатқызылса, жәрдемақы уақытша тоқтатылады. Отбасының жағдайы ай сайын қайта бағаланып, С, D немесе Е деңгейіне өткен жағдайда төлем қайта жалғасуы мүмкін.

Экономист не дейді? 

Арман Байғанов жәрдемақыны отбасының нақты қаржылай жағдайына қарай тағайындауды қолдайтынын жеткізді. Оның пікірінше, қазіргі жүйеде табысын толық көрсетпей, мемлекеттік көмекті пайдаланатын азаматтар да кездеседі.

“Жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының табыс деңгейін ескеру дұрыс деп ойлаймын. Өйткені кей адамдар нақты кірісін жасырып, соған қарамастан мемлекеттік төлем алуға тырысады. Сондықтан жәрдемақы алуға үміткер отбасының табысы мен жалпы қаржылық жағдайы жан-жақты тексерілуі керек”, – деді экономист.

Сарапшы жаңа жүйе енгізілген алғашқы кезеңде кейбір сәйкессіздік пен қате бағалау болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Сондықтан отбасының әл-ауқатын тек ресми жалақысына қарап емес, барлық кірісі мен міндеттемесін қатар ескере отырып анықтау қажет деп санайды.

Бала туғандағы төлем бәріне берілуі керек

Экономист бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақыны отбасының дәулетіне қарай шектеуге қарсы. Оның сөзінше, туу көрсеткіші төмендеп жатқан кезде мұндай төлем демографиялық саясаттың бір бөлігі ретінде барлық отбасыға берілуі қажет.

“Туу көрсеткіші төмендеп келе жатқанын ескерсек, бала туған кезде берілетін жәрдемақыны қысқартпай, керісінше, көбейту керек деп ойлаймын. Бұл төлем отбасының табысына қарамастан сақталуы тиіс”, – деді Арман Байғанов.

Ал бала күтіміне және көпбалалы отбасыларға берілетін тұрақты төлемдерді тағайындауда отбасының табысын ескеруге болады. Сарапшының пікірінше, кірісі орташа жалақыдан бірнеше есе жоғары отбасы мемлекет көмегіне мұқтаж азаматтармен бірдей көлемде жәрдемақы алмауы керек.

“Егер отбасының табысы жоғары әрі күнделікті қажеттілігін өз қаражатымен өтеуге мүмкіндігі болса, оған жәрдемақы төлеудің қаншалықты қажет екеніне қарау керек. Үнемделген қаражатты табысы төмен отбасыларға бағыттап, олардың алатын көмегін көбейтуге болады”, – деді ол.

Көлеңкелі табыс жүйеге кедергі келтіруі мүмкін

Арман Байғанов отбасының нақты әл-ауқатын анықтау ісінде көлеңкелі экономиканың үлесі негізгі кедергінің бірі болатынын атап өтті. Кей азаматтардың табысы ресми жүйелерде тіркелмейтіндіктен, олардың қаржылай мүмкіндігін толық бағалау қиын.

“Қазақстанда көлеңкелі нарық бар кезде отбасының нақты табысын толық анықтау оңай емес. Кей адамдар ресми тіркелмеген кіріс алады. Сондықтан жүйенің тиімділігі цифрландырудың дамуына, мемлекеттік кірістер органдарының бақылауына және түрлі дерекқорлардың өзара байланысына тәуелді болады”, – деді қаржы кеңесшісі.

Оның айтуынша, ақша аударымдары мен азаматтардың ресми кірістеріне қатысты бақылау күшейген сайын, мемлекет отбасының қаржылай жағдайын дәлірек бағалай алады.

Мұқтаж отбасыларға төлемді көбейту ұсынылды

Экономистің пікірінше, жаңа тәртіптің мақсаты жәрдемақыны қысқарту емес, мемлекеттік көмекті шын мұқтаж отбасыларға көбірек бағыттау болуы керек.

“Табысы жоғары азаматтар жәрдемақы алмауы керек. Ал шынымен мұқтаж отбасыларға төленетін көмекті көбейтуге болады. Бір санатқа жұмсалатын қаражатты қысқартып, оны табысы төмен азаматтарға бағыттау қажет. Сонда мемлекеттік қолдау нақты көмекке мұқтаж адамдарға жетеді”, – деп қорытындылады Арман Байғанов.

Жаңа тәртіп бойынша жәрдемақы рәсімдеу кезінде отбасының кәмелетке толған мүшелері дербес деректерді, соның ішінде банк шоттары, несиелік міндеттемелер мен берешек туралы ақпаратты тексеруге келісім беруі қажет. Келісімнің болмауы төлемді уақытша тоқтатуға негіз болуы мүмкін. Дегенмен отбасыларды 2027 жылдан бастап жіктейтін түпкілікті бағалау әдістемесі әзірге бекітілмеген.