Қазақстандықтар жалақысының бір бөлігін ресми түрде алмайтын болса, болашақта зейнетақысы мен әлеуметтік төлемдері азаюы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушінің табыстың бір бөлігін жасыруы қандай салдарға әкелетінін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, жұмыс беруші қызметкердің жалақысын толық көрсетпесе, бұл оның зейнетке шыққанда, жұмысынан айырылғанда немесе әлеуметтік төлемдер рәсімдегенде алатын ақшасына әсер етеді.
Министрлік мұны мысал арқылы түсіндірді. Егер қызметкердің ресми жалақысы 300 мың теңге болса, бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлем шамамен 120 мың теңгені құрайды. Ал жұмыс беруші табысты 150 мың теңге деп көрсетсе, төлем мөлшері 60 мың теңгеге дейін азаяды.
Бұл – шамамен алынған есеп. Нақты төлем мөлшері әр адамның жеке деректеріне байланысты болады.
Бұдан бөлек, жалақының бір бөлігін конвертпен алу зейнетақы жинақтарының азаюына әкеледі. Сондай-ақ мұндай жағдайда қызметкердің еңбек құқықтарын қорғауы қиындай түсуі мүмкін.
Министрлік азаматтарға әлеуметтік аударымдарының жай-күйін тексеруге кеңес береді. Мұны eGov.kz порталы, банк қосымшалары немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы жасауға болады.