25 қараша күні Логистика және көлік академиясының Алматы колледжінің алаңында «Зорлық-зомбылықсыз өмір сүру құқығы: әділетті мемлекет және заң үстемдігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы «Заң мен Тәртіп» жобасы аясында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясының алғашқы күніне орай өткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс-шараға қоғам қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері және жастар қатысты.
Кездесу барысында адам құқықтарын қорғау, жеке шекараларды сақтау, гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқық бұзушылықтар үшін заңнамада көзделген жауапкершілік мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қудалау, психологиялық қысым көрсету және зорлық-зомбылықтың өзге де түрлерінің алдын алуға ерекше назар аударылды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіріп, құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік шаралары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша практикалық ұсынымдар ұсынылды.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жеке шекараларды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік қағидатын нығайту.
Іс-шара азаматтардың құқықтық санасын дамытуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қауіпсіз қоғамдық ортаны нығайтуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі болды.