Түркия Астанадағы елшілік құрылысына бөлінген 15 миллион доллар қайда кеткенін анықтауға тырысып жатыр. Түркия Сыртқы істер министрлігінің құжаттарында бұл ақша мердігерге қолма-қол берілгені көрсетілген. Алайда құрылыс компаниясы қаржы алмағанын айтады. Бұған қоса, төлем құжаттарындағы қолдардың түпнұсқалығына күмән бар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл мәселені 19 қарашада Түркия парламентінің депутаты Айсу Банкоглу көтерді. Оның айтуынша, 2007 жылы елшілік құрылысын салуға Yapı Uluslararası İnşaat компаниясымен 26,25 миллион долларға келісімшарт жасалған. Мердігер жұмыстың 96 пайызын аяқтағанымен, төлемнің бір бөлігін алмағанын айтып, сотқа жүгінген.
Дау төрт төлем құжатына қатысты. Бұрынғы елші Танер Себен мен әкімшілік атташе Бүлент Юкселтүрік құжаттардағы қолдарын мойындамаған. Депутат 15 миллион доллар кімге және қалай берілгенін, құжаттардың түпнұсқалығы тексерілген-тексерілмегенін сұрады.
Ал Түркия Сыртқы істер министрлігі барлық төлем толық жасалғанын мәлімдеді. Ведомство дерегінше, қаражат Астанада қолма-қол беріліп, тиісті құжаттармен рәсімделген. Соңғы төлем компанияның қызметкерлер алдындағы берешегін өтеуге жұмсалған.
Әзірге 15 миллион доллар жоғалғаны немесе құжаттардағы қолдар жалған екені дәлелденген жоқ.