Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Боқаевтың жақтастары оны әлеуметтік желіде "батыр" қылып көрсеткісі келеді – саясаттанушы

Боқаевтың жақтастары оны әлеуметтік желіде "батыр" қылып көрсеткісі келеді – саясаттанушы
ашық дереккөз

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа қатысты іс қаралып жатқан шақта әлеуметтік желілерде оның айналасында жасанды түрде «халық қаһарманы» бейнесі қалыптастырылып жатыр. Саясаттанушы Лилия Маньшинаның пікірінше, мұндай көрініс өздігінен туындап отырған жоқ. Сарапшы жұртшылықты эмоцияға берілмей, тексерілген деректерге сүйенуге шақырады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшы Боқаевты қолдауға бағытталған ақпараттық науқанның үйлестіріліп отырғанын аңғартатын белгілерге назар аударады. Оның айтуынша, айыпталушыны қорғауға арналған жазбалардың мазмұны бір-біріне ұқсас, бірдей тезистер қайталанады және негізінен бір уақытта жарияланады. Жасанды интеллект көмегімен жасалған аватарларды пайдаланатын кейбір аккаунттар да күдік тудырады. Маньшинаның пікірінше, жарияланымдардың бір уақытта таралуы олардың артында ортақ үйлестіру орталығы болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Сарапшы тіс дәрігеріне қатысты оқиғаны да мысалға келтіреді. Әуелі Боқаевты дәрігерге жібермей жатқаны туралы ақпарат тарады. Кейін БАҚ соттың оның дәрігерге қаралу туралы өтінішін қанағаттандырғанын хабарлады, ал айыптау тарапы ем қабылдау жүзеге асқанын мәлімдеді. Ал қорғау тарапы медициналық көмек алуда қиындықтар болғанын айтқан. Әдетте нақтылайтын ақпарат бастапқы мәлімдемелерге қарағанда әлдеқайда аз аудиторияны қамтиды. Соның салдарынан көпшіліктің жадында оқиғаның қарапайым әрі біржақты нұсқасы ғана қалып қояды.

Сарапшының жазуынша, Боқаевқа жуынуға мүмкіндік бермегені туралы мәлімдемелер де тәуелсіз дереккөздер арқылы расталмаған. Сот залынан түсірілген фотосуреттерден Боқаевтың күтімі жақсы екенін байқауға болады. Алайда мұндай мәлімдемелердің шындыққа сәйкестігі тексеріліп үлгермей жатып, қоғамда белгілі бір көзқарас қалыптастырады.
Сарапшының бағалауынша, осылайша «халық қаһарманының» бейнесі жасалады: кез келген процессуалдық шешім қысым көрсету ретінде, кез келген қолайсыздық қатыгез қарым-қатынас ретінде көрсетіледі, ал оған сәйкес келмейтін деректер ақпарат ағынының арасында елеусіз қалады.

Маньшина қоғамды шыққан көзі күмәнді жарияланымдардың негізінде «кінәсіз күрескер» мен «кінәлі жүйенің» рөлдерін алдын ала бөліп қоюға жол бермеуге шақырады. Оның пікірінше, Боқаевты қорғауға бағытталған материалдардың шынайылығын да, айыптау тарапының нұсқасын да оқырман сыни тұрғыдан бағалауы керек.