Тараздағы қант зауытын жөндеу жұмыстарына тартылған жұмысшылар жалақыларын талап етіп, наразылыққа шықты. Олардың айтуынша, екі айға жуық уақыттан бері еңбекақы берілмеген. Жұмысшылар зауыт басшылығы ақшаны Мәскеудегі қожайындарынан күтіп отырғанын айтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жақында жергілікті билік қант зауытын қайта іске қосу және жаңғырту жұмыстарына бюджеттен 12,4 миллиард теңге бөлінгенін хабарлаған еді. Алайда өндіріс орнын жөндеуге жалданған жұмысшылардың сөзінше, атқарған еңбегінің ақысын әлі ала алмай жүр. Жалақысыз қалған азаматтар наразылық білдірді.
«Бізді қазір жұмысқа кіргізбей қойды. Ақша да алған жоқпыз, жұмысқа да кірісе алмай отырмыз. Таңертең келсек те, бекеттен әрі өте алмаймыз», – дейді жұмысшылардың бірі.
Олардың айтуынша, ескі жабдықтарды жаңартып, тозған бөліктерін жөндеген жұмысшыларға әр он күн сайын жалақы төленуі керек болған. Алайда белгіленген мерзімдердің алтауы өтсе де, ақша аударылмаған. Жұмысшылардың сөзінше, екі айға жуық уақыттан бері еңбекақысыз жүр. Олар жұмыс берушілермен Мәскеудегі зауыт иелері арқылы емес, жергілікті жеке кәсіпкерлермен келісім жасағанын айтады.
Кәсіпорын иесі зауытты жаңғырту үшін әрқайсысында жүзден астам адам жұмыс істейтін 25 жеке кәсіпкерді тартқан. Олар атқарылған жұмысты суретке түсіріп, есепті Мәскеуге жібереді. Ондағы басшылық жұмыс нәтижесін мақұлдағаннан кейін ғана қаражат бөлінеді. Егер жұмыс қабылданбаса, ақша аударылмайды.
Жеке кәсіпкерлердің бірі Мәскеуден төлемді мақұлдайтын жауап күтіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, егер құжаттар мақұлданып, қаражат жұмаға дейін түссе, жұмысшылар алдындағы қарыз толық өтеледі.
«Дүйсенбі күні Мәскеуден растау келеді деп күтіп отырмыз. Егер ешқандай қате болмаса, жұмаға дейін қаражат аударылуы керек. Ақша түскен бойда жұмысшыларымның алдындағы қарызды толық жабамын. Ешкімге бір тиын да берешек болмаймын», – деді ол.
Осылайша, жұмысшыларға Мәскеуден тиісті шешім шыққанша күтуге тура келеді. Алайда жалақысыз қалған азаматтар бұдан әрі күтуге ниетті емес. Олар еңбекақыларын өндіріп алу үшін құзырлы органдарға шағым түсірмек.