Қостанай облысы Жангелдин ауданының Ақкөл ауылында қасқыр ер адамға шабуыл жасады. Жыртқыштан зардап шеккен тұрғынға аудандық ауруханада хирург болмағандықтан, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, Арқалық қаласына жіберілген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Hola News мәліметінше, ер адам ата-анасына қонаққа келген кезде қасқырға тап болған. Жыртқыш оның қолынан тістеп алып, зардап шеккен азамат көшенің жарық түсетін бөлігіне жетуге тырысқанымен, оны жібермеген.
Айқайлаған дауысты естіген көршілері сыртқа жүгіріп шығып, қасқырды өлтірген. Ал жарақат алған ер адам аудандық ауруханаға жеткізілген. Алайда медициналық мекемеде хирург болмағандықтан, оған алғашқы көмек көрсетіліп, Арқалыққа жіберілген. Аурухана басшысының міндетін атқарушының айтуынша, жолға шамамен бес сағат кетуі мүмкін болған.
Ауылдық округ әкімі Балғабай Қалиевтің сөзінше, жабайы аңдар елді мекенге жиі кіріп тұрады. Алайда тұрғындардың басым бөлігінде жыртқыштардан қорғанатын қару жоқ. Әкімнің айтуынша, қару-жарақтың көбі тәркіленген, ал аңшы мылтығы бірнеше ауыл тұрғынында ғана қалған. Бірақ олар үнемі ауылда бола бермейді.
Басылым мәліметінше, бұл өңірдегі алғашқы жағдай емес. 2026 жылдың алғашқы айларында Қостанай облысында жабайы жануарлармен байланыстан кейін құтыруға қарсы медициналық көмекке 66 адам жүгінген. Былтыр осы кезеңде мұндай өтініштер саны 27 болған.