Украина Ливия портында Ресейдің «Меркурий» әскери корветін теңіз дрондарының көмегімен суға батырғанын мәлімдеді. Бұл туралы дүйсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Зеленскийдің айтуынша, Украина әскери-теңіз күштері операция барысында жеті теңіз дронын қолданған. Бұған дейін Фин шығанағында Ресей әскерімен байланысты жүк кемесіне де дронмен соққы жасалған. Украина президенті Ливия жағалауында жексенбі күні тағы бір нысанаға шабуыл жасалғанын айтты. Оның сөзінше, бұл – Ресей қару-жарақ тасымалдау үшін пайдаланған MV Angara құрғақ жүк кемесі.
«Біз белгіленген суларда операцияларды жалғастырып жатырмыз», – деп жазды Владимир Зеленский Telegram арнасында.
Ол «Меркурий» корветімен бірге Ресейдің Ка-27 әскери тікұшағы да жойылғанын мәлімдеді. Ресей Қорғаныс министрлігі әзірге аталған оқиғаларға қатысты түсініктеме берген жоқ. Ливияның шығысындағы үкімет жексенбі күні «Меркурий» кемесі Бенгази қаласындағы әскери-теңіз базасында тұрған кезде оған белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараты соққы жасаған болуы мүмкін екенін хабарлады.
Мәліметке сәйкес, кеме Ресейге қайтар жолда жанармай құю және қажетті қорын толықтыру үшін базаға тоқтаған. Бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асқан. Азаматтық соғыстан кейін Ливия екі бөлікке бөлінген. Елдің батысын Триполи қаласында орналасқан, халықаралық деңгейде мойындалған Ұлттық бірлік үкіметі басқарады. Ал шығыс бөлігі әскери қолбасшы Халифа Хафтардың бақылауында. Оның жетекшілігіндегі Ливия ұлттық армиясының Ресеймен байланысы бар.