Енді жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтиханды үйден шықпай-ақ тапсыруға болады

Енді жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтиханды үйден шықпай-ақ тапсыруға болады
Lada.kz

Астанада Жол жүрісі қағидаларын білу бойынша теориялық емтиханды қашықтан тапсыруға арналған пилоттық жоба іске қосылды. Енді үміткерлерге емтиханның теориялық кезеңінен өту үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Тестті үйден шықпай-ақ, ноутбук немесе компьютер арқылы тапсыруға болады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа қызмет eGov Mobile қосымшасындағы "ХҚКО қызметтері" – "Теориялық емтиханды онлайн тапсыру" бөлімі арқылы қолжетімді. Алғашқы кезеңде жоба пилоттық режимде жүзеге асырылып, тұрғылықты жері бойынша Астана қаласында тіркелген азаматтарға ұсынылады.

Өтініш бермес бұрын жүйе үміткер белгіленген талаптарға қаншалық сай келетінін тексереді.

Онлайн емтихан тапсыру үшін үміткер:

  • Астана қаласында тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуде болуы;
  • бұған дейін жүргізуші куәлігін алмаған болуы;
  • көлік басқару құқығынан айырылмаған болуы;
  • автомектепті аяқтағаны туралы қолданыстағы куәлігі болуы;
  • жарамды медициналық анықтамасы болуы;
  • диспансерлік есепте тұрмауы қажет.

Қызметті алу үшін:

  • eGov Mobile қосымшасындағы "ХҚКО қызметтері" бөліміне кіріп, "Теорияны онлайн тапсыру" қызметін таңдау;
  • жүргізуші куәлігінің тиісті санатын көрсету;
  • 1414 нөмірінен келетін SMS арқылы жеке дерекке қол жеткізуге келісім беру;
  • қызмет ақысын төлеу;

eGov жеке кабинетінен емтиханға арналған жеке сілтемені алу қажет. Тест сілтемесі компьютер арқылы ашылады және төлем жасалған күннен бастап 30 күн бойы жарамды болады.

Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады, оны орындауға 40 минут уақыт беріледі. Емтиханды күн сайын 09:00-ден 20:00-ге дейін тапсыруға болады. Емтиханды 19:20-дан кешіктірмей бастау қажет. Емтиханнан сәтті өтуі үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет. Бір рет тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Үміткер қажет балл жинай алмаса, келесі әрекетті келесі күннен бастап жасай алады.