Қазақстандық кішкентай Дима Билан танымал әншімен жүздесті

Қазақстандық кішкентай Дима Билан танымал әншімен жүздесті
Ашық дереккөз

Ресейлік әнші Дима Билан Астанада өзімен аты-жөні бірдей төрт жастағы қазақстандық баламен кездесті. Кішкентай Дима Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келіп, әншінің концертіне қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кездесу 20 қарашада «Барыс Аренада» өткен концерттен кейін ұйымдастырылған. Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында кішкентай аттасымен бірге түскен суреттерін жариялап, көпшіліктің көңілін толқытқан оқиға болғанын жазды.

Бала биыл көктемде әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін танылған. Онда одан есімін сұрағанда, бүлдіршін еш ойланбастан өзін Дима Билан деп таныстырған. Кейін оның шынымен де танымал әншімен аты-жөні бірдей екені анықталған.

Видеоны Өскемен тұрғыны Әсем Қарабалина ата-анасына барған сапарында түсірген. Жазба әншінің өзіне де жетіп, ол оны әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен. Кейін Дима Билан қазақстандық баланы қараша айында өтетін концертіне шақыру мүмкіндігін қарастырған.

Кездесудің жүзеге асуына BI Group компаниясы көмектескен.

Сонымен қатар әнші видео авторы Әсем Қарабалинаның отбасына да қолдау білдірген. NewTimes.kz мәліметінше, әйелдің ұлына ауыр дерт диагнозы қойылып, қазір бала Оңтүстік Кореяда ем қабылдап жатыр. Әнші отбасыға қолдау сөздерін арнап, баланың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген.