Алматыда Geely Galaxy брендінің жаңа Monjaro EM-i гибридті кроссовері таныстырылды. Электр қуатымен де, бензин қозғалтқышымен де жүретін көлік Қазақстан нарығына MAX және ULTRA атты екі комплектацияда шығады. Оның бағасы 14 990 000 теңгеден басталады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа модельдің таныстырылымы 21 қарашада Алматыдағы Geely Galaxy дилерлік орталығында өтті. Іс-шара брендтің Қазақстан нарығына шыққанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылды. Geely Galaxy елімізде Allur автомобиль тобының портфеліне кіреді.
Таныстырылым барысында қонақтарға кроссовердің сыртқы дизайны, салоны, гибридті технологиясы мен қауіпсіздік жүйелері көрсетілді. Қатысушылар көлікті жақыннан көріп қана қоймай, арнайы алаңда тест-драйвтан өткізіп, оның жолдағы мүмкіндіктерін бағалады.
Қазақстан нарығы компания үшін маңызды
Қазақстандағы Geely Galaxy бағытының жетекшісі Ерғали Саянұлының айтуынша, жаңа модельді таныстыру брендті елімізде дамытудың келесі кезеңі саналады.

“Geely компаниясы үшін Қазақстан – стратегиялық маңызы бар нарық. Біздің мақсатымыз тек автомобиль сату емес, қазақстандық тұтынушыларға заманауи технологиялар мен сапалы қызмет ұсыну. Қазір сатып алушылар үшін жайлылық, қауіпсіздік және көліктің технологиялық деңгейі ерекше мәнге ие”, – деді ол.
Компания өкілі Monjaro EM-i моделінің Қазақстан нарығына бейімделгенін атап өтті. Көлік қала ішінде электр қуатымен жүруге, ал алыс сапарларда бензин қозғалтқышы мен электрлі жүйені қатар пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазақстан жолдарына қандай көлік қажет?
Geely компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы өнім бөлімінің жетекшісі Мишель Абуди таныстырылым барысында Monjaro EM-i моделінің дизайны, жүріс мүмкіндігі, гибридті жүйесі мен қауіпсіздік технологияларына тоқталды.

Оның айтуынша, Қазақстандағы ұзақ қашықтық, қысқы аяз, қарлы және таулы жолдар автомобильге ерекше талап қояды.
“Қазақстанда мұндай автомобильге қойылатын талап бөлек. Мұнда қашықтық үлкен. Көлік алысқа әрі үнемді жүруі керек, бірақ жайлылықтан айырылмауы қажет. Қыста қар, мұз және таулы жолдар кездеседі. Сондықтан көлік әртүрлі жол жағдайында өзін сенімді ұстауға тиіс”, – деді Мишель Абуди.
Компания өкілі Monjaro EM-i шассиі еуропалық инженерлермен бірге бапталғанын айтты. Өндіруші көлікті асфальтта, қарда, құмда және жолсыз жерде сынақтан өткізген.
“Үлкен кроссовердің дәл әрі жинақы басқарылуы үшін оның спорткар болуы міндетті емес. Бастысы – шассидің дұрыс бапталуы. Басқару болжамды әрі табиғи болуы керек. Бұрылыста аспа қаттырақ, ал түзу жолда жұмсақ жұмыс істейді”, – деді ол.
Мишель Абудидің сөзінше, жаңа модельдегі технологиялар жүргізушіге нақты көмектесуге бағытталған.
“Автомобильдегі технология жүргізушіге көмектесуі керек. Ол көліктің бағасын арттырып, көзге түсу үшін ғана орнатылмауға тиіс. Жүргізушіге қажетті ақпарат қажет жерінде көрсетіліп, оның назарын жолдан бөлмеуі керек”, – деді компания өкілі.
Ол қауіпсіздік жүйелеріне де жеке тоқталды. Monjaro EM-i кузовының құрылымы салон айналасында қорғаныш қаңқасын қалыптастырады. Ал электронды көмекшілер қауіпті жағдайларды алдын ала анықтап, жүргізушіге ескертуге арналған.
“Geely үшін қауіпсіздік – қосымша опция емес, негізгі қағидат. Қауіпсіздік туралы сөзді сынақтармен дәлелдеу керек. Біз көлікті күнделікті өмірде кездесетін жағдайдан да күрделі сынақтардан өткіземіз. Өйткені түпкі мақсат – техниканы емес, адамдарды қорғау”, – деді Мишель Абуди.
Қалада – электр қуаты, алыс жолда – гибридті жүйе
Monjaro EM-i – сыртқы қуат көзінен зарядталатын PHEV санатындағы гибрид. Оның күштік қондырғысы көлемі 1,5 литрлік төрт цилиндрлі турбобензин қозғалтқышынан, электрлі жүйеден және үш сатылы 3DHT гибридті трансмиссиясынан тұрады.

Бұл жүйенің басты артықшылығы – көлікті күнделікті қала бағыттарында электр қуатымен пайдаланып, ал алыс жолға шыққанда гибридті режимге ауысу мүмкіндігі. Осылайша, жүргізуші тек қуаттау станцияларына тәуелді болмайды.
Қазақстанда көлік екі комплектацияда ұсынылады.
Алдыңғы жетекті MAX нұсқасының қуаты 279 ат күшіне, айналу моменті 544 Н·м-ге тең. Көлік сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 7,7 секундта жетеді. Сыйымдылығы 18,4 кВт·сағ батарея электр қуатымен 92 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді. Жалпы жүріс қоры NEDC циклі бойынша 1200 шақырымға дейін жетеді.
Толық жетекті ULTRA нұсқасының қуаты 340 ат күшін, айналу моменті 667 Н·м-ді құрайды. Ол сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 5,83 секундта үдейді. Сыйымдылығы 29,8 кВт·сағ батареямен электр қуатында 130 шақырымға дейін жүруге болады. Ал жалпы жүріс қоры 1095 шақырымға дейін барады.
Батарея қуаты таусылған кездегі отын шығыны MAX нұсқасында 100 шақырымға 5,4 литр, ал ULTRA комплектациясында 6,2 литр деп көрсетілген.
Бұл көрсеткіштер NEDC зертханалық циклі бойынша есептелген. Нақты жүріс қоры мен отын шығыны ауа райына, жол жағдайына, көлікке түсетін салмаққа және жүргізу мәнеріне байланысты өзгеруі мүмкін.
Батареясы 15-20 минутта қуатталады
Жылдам қуаттау станциясында MAX нұсқасының батареясын 30 пайыздан 80 пайызға дейін шамамен 20 минутта, ал ULTRA комплектациясын 15 минутта қуаттауға болады.
Дегенмен қуаттау уақыты станцияның қуатына, қоршаған ортаның температурасына және батареяның жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін.
Автомобильде тежеу кезінде бөлінетін энергияны қайтадан батареяға бағыттайтын рекуперация жүйесі де бар. Электронды жүйе қуат қорын бақылап, бензин қозғалтқышы мен электрлі жүйенің жұмысын автоматты түрде реттейді.
Арнайы алаңдағы тест-драйв
Таныстырылымнан кейін қатысушылар Monjaro EM-i моделін арнайы жабдықталған алаңда жүргізіп көрді. Тест-драйв кезінде кроссовердің үдеуі, бұрылыстағы тұрақтылығы, тежелуі және салондағы шу деңгейі бағаланды.

Көлік жылдамдықты бірқалыпты жинайды. Электр қозғалтқышы іске қосылған сәтте үдеу кідіріссіз сезіледі. Көлемі үлкен болғанымен, бұрылыстарда кроссовер өзін жинақы ұстайды. Рульге берілетін жауап түсінікті, ал аспа жолдағы ұсақ кедергілерді салонға қатты өткізбейді.
Тест-драйвқа қатысқандардың бірі Талшын Жанарбек те жаңа модель туралы оң пікір білдірді. Оның айтуынша, көліктің бірқалыпты жүрісі, жылдамдықты жеңіл жинауы және салондағы тыныштық жақсы әсер қалдырған.
"Көліктің көлемі үлкен болғанымен, жүргізген кезде ауыр сезілмейді. Үдеуі жақсы, басқаруға ыңғайлы. Салонның кеңдігі мен тыныштығы да ұнады. Әсіресе күнделікті қалада жүруге де, отбасымен алыс жолға шығуға да қолайлы екені байқалады", – деді ол.
Кең салон және 1532 литрлік жүксалғыш
Monjaro EM-i-дің ұзындығы – 4800 мм, ені – 1895 мм, биіктігі – 1700 мм. Дөңгелек базасы 2845 мм-ге тең.
Көліктің салоны кең. Алдыңғы орындықтарға отыру ыңғайлы, басқару батырмалары жүргізушіге қолжетімді орналасқан. Екінші қатарда аяққа жеткілікті орын бар. Артқы орындықтардың арқалығын жолаушыға қарай реттеуге болады.
Салон әрлеуінде жұмсақ материалдар қолданылған. Панельдер мен есік қаптамаларының түйіскен жерлері ұқыпты жасалған. Интерьерде артық бөлшек көп емес, негізгі басқару қызметтері орталық экранға жинақталған.
Жүксалғыш көлемі 633 литрді құрайды. Артқы орындықтар жиналған кезде оны 1532 литрге дейін ұлғайтуға болады. Бұл отбасылық сапарға қажетті заттарды немесе көлемді жүкті орналастыруға мүмкіндік береді.
Стандартты жабдықтар қатарына электр жетегі мен электрлі пердесі бар панорамалық шатыр, екі аймақты климат-бақылау жүйесі және ашылу биіктігін есте сақтайтын жүксалғыш есігінің электр жетегі кіреді.
Алдыңғы және артқы орындықтар, руль, алдыңғы әйнек, әйнек жуғыш бүріккіштер мен сыртқы айналар жылытылады. Артқы жолаушыларға бөлек ауа арналары қарастырылған.
Үш экран және төрт аймақты дауыстық басқару
Кроссовер Flyme Auto мультимедиалық жүйесімен жабдықталған. Орталық дисплейдің диагоналі – 15,4 дюйм, ал цифрлық аспаптар панелі 12,3 дюймді құрайды. Жүйе Apple CarPlay және Android Auto сервистерін қолдайды.
Төрт аймақты дауыстық басқару жүйесі салонда команданың қай орыннан берілгенін анықтап, тиісті аймақтағы қызметті іске қосады. Мысалы, жолаушы климат-бақылау температурасын немесе басқа функцияны өз аймағына қарай реттей алады.
ULTRA комплектациясында 25,6 дюймдік W-HUD проекциялық дисплейі бар. Ол жылдамдық пен навигация секілді негізгі ақпаратты алдыңғы әйнекке шығарады. Бұл жүргізушіге көзін жолдан алмай, қажетті мәліметті бақылауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ULTRA нұсқасында 16 динамиктен тұратын аудиожүйе, алдыңғы орындықтарды желдету және массаж жасау функциялары, жылу мен шудан қорғайтын алдыңғы әйнек қарастырылған.

Қауіпсіздікке арналған электронды жүйелер
Monjaro EM-i көлігінде жүргізушіге көмектесетін бірқатар электронды жүйе бар. Олардың қатарында автоматты төтенше тежеу, бейімделетін круиз-бақылау, көлікті жолақта ұстап тұру және соқыр аймақтарды бақылау жүйелері бар.
540 градустық айналаны шолу камерасы көліктің жан-жағын ғана емес, «мөлдір шасси» функциясы арқылы оның астындағы аумақты да көрсетеді. Бұл тар аулада, тұраққа қойғанда немесе жолы нашар учаскеде қозғалғанда жүргізушіге көмектеседі.
Көлік алдыңғы және артқы тұрақ датчиктерімен жабдықталған. Өндіруші батареяның қауіпсіздігіне де назар аударылғанын мәлімдеді. Батарея блогының жағдайы электронды жүйе арқылы тұрақты бақыланады, ал оның төменгі бөлігі сыртқы соққыдан қорғалған.
Бағасы қанша?
Қазақстанда Geely Galaxy Monjaro EM-i моделінің алдыңғы жетекті MAX комплектациясы 14 990 000 теңге тұрады. Толық жетекті ULTRA нұсқасының бағасы – 15 990 000 теңге.
Алдын ала тапсырыс берген алғашқы 150 клиентке арнайы ұсыныс қарастырылған. Автомобиль құнының 10 пайызын алдын ала төлеген сатып алушылар қысқы дөңгелектер жиынтығын сыйлыққа алады. Кезек алдын ала төлем жасалған уақытқа қарай белгіленеді.
Алдын ала тапсырысты Қазақстандағы Geely Galaxy ресми дилерлік орталықтарында рәсімдеуге болады. Комплектациялар мен арнайы ұсыныстың толық шарттарын да ресми дилерлерден нақтылау қажет.