Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазМұнайГаз" басшысын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазМұнайГаз" басшысын қабылдады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады. Кездесуде мұнай-газ саласындағы ірі инвестициялық жобалар, жаңа кен орындарын игеру және өндіріс көлемін арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Президентке ұлттық компанияның 2026 жылдың алғашқы он айында атқарған жұмысының қорытындысы таныстырылды. Асхат Хасеновтің айтуынша, бүгінде "ҚазМұнайГаздың" капиталы 22 триллион теңгеге жеткен. Компанияның қаржылық жағдайы тұрақты және жалпы құны 16,7 триллион теңге болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында ұлттық компанияның геологиялық барлау жұмыстарына ерекше назар аударылды. Асхат Хасенов 2026-2030 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасы бекітілгенін мәлімдеді. Бағдарлама аясында 23 жобаны жүзеге асыру, 60 мың шақырым көлемінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу және 26 іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр.

Аталған аумақтардың жалпы геологиялық ресурстық әлеуеті 4,7 миллиард тонна шартты отынға бағаланады. Сонымен қатар Атырау облысындағы Батыс Қарасор және Маңғыстау облысындағы Қаражанбастың Жағалау аймағы кен орындарын игеру басталған.

Ұлттық компания басшысы Қазақстанда тауарлық газ өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған жобалар туралы да баяндады. Жоспарға сәйкес, газ өндірісін қысқа мерзімде 2,6 миллиард текше метрден 4,5 миллиард текше метрге дейін жеткізу көзделген.

Қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында жаңа газ нысандары салынып жатыр. Сонымен қатар қосымша экспорт бағыттарын дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, компания мұнай кен орындарын басқаруға жасанды интеллект технологияларын енгізуде. Атап айтқанда, өндірістік процестерді талдау және оңтайландыру үшін кен орындарының цифрлық телнұсқалары пайдаланылып жатыр.

Кездесуде отандық мұнай өңдеу саласының көрсеткіштері де талқыланды. Асхат Хасеновтің мәліметінше, биылғы есепті кезеңде Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарында 14,9 миллион тонна мұнай өңделген. Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі өткен жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға артады деп күтілуде. Сонымен қатар Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Ал Павлодар мұнай химиясы зауытының жылдық өңдеу мүмкіндігін 6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары басталған.

Атырау облысында полиэтилен өндірісі мен газ сепарациялау кешенінің құрылысы да жалғасып жатыр.

Кездесу барысында өңірлердегі әлеуметтік және экологиялық жобаларға да назар аударылды. "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы аясында «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш отырғызған.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компания басшылығына геологиялық барлау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды және ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.