Қазақстанның білім грантын жеңіп алғанымен, бірнеше ай бойы Газа секторынан шыға алмай жүрген палестиналық студенттер елге жетіп, өздері оқуға түскен жоғары оқу орындарында білім алуға кірісті. Олардың бір бөлігі 26 қазанда эвакуацияланған. Бұл туралы студенттерге Қазақстанға келуге көмектескен белсенді Даяна Баракова Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, Қазақстанның білім грантын 100-ден астам палестиналық алған. Олардың кейбірі еліміздің жоғары оқу орындарына қабылданғанымен, оқу орнына жете алмаған. Ақыры студенттердің өздері Даяна Бараковаға хабарласып, көмек сұраған.
«Газа секторында жұмыс істеп тұрған әуежай жоқ, ал шекаралар жабық болды. Сондықтан студенттер өз бетімен елден шыға алмады», – деп түсіндірді ол.
Студенттердің өтінішінен кейін мәселе Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жеткізілген. Оларды эвакуациялау жұмысына Қазақстанның Иорданиядағы елшілігі де атсалысқан.
26 қазанда студенттер автобуспен Газа секторынан Иорданияға жеткізілген. Шекарадан өткен соң әуежайға барып, Дубай арқылы Қазақстанға ұшып келген. Қазір олар еліміздің әртүрлі қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
Даяна Баракова студенттердің елге аман-есен жетуін асыға күткенін айтады. Ол жастарды қазақы дәстүрмен қарсы алу үшін кешкісін бауырсақ пісіріп, келесі күні таңертең әуежайға барған.
Студенттерді әуежайдан университет өкілдері де қарсы алған. Оларға Көкшетауға дейін жол жүру, тамақтану және сапар барысында қажетті көмек ұйымдастырылған. Бұл іске қазақстандық жанашыр азаматтар да қолдау көрсеткен. Ал палестиналық студенттер ризашылық белгісі ретінде қазақтарға дәстүрлі палестиналық бас киімді сыйға тартқан.
Баракова студенттерді эвакуациялау барысы түсірілген видеоны Instagram парақшасында жариялаған. Оның жазуынша, жастарды Қазақстанға жеткізуге дайындық бірнеше айға созылған. Белсенді осы іске атсалысқан Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне алғыс білдірген.
«Мен үшін бұл жай ғана эвакуация туралы оқиға емес. Бұл – бірлескен үлкен жұмыстың, адамгершілік пен жанашырлықтың, студенттердің Қазақстанға келіп, оқуын бастауына мүмкіндік туғанының тарихы», – деп жазды ол.
22 қарашадағы жағдай бойынша, Баракова жариялаған видео 10 мыңнан астам лайк жинап, шамамен 1,2 мың пікір қалдырылған.