Қазақстанның экологиялық ахуалы: қай өңірлерде жағдай күрделі?

Қазақстанның экологиялық ахуалы: қай өңірлерде жағдай күрделі?
Фото: ЖИ

"Қазгидромет" мамандары 2026 жылғы қазан айындағы экологиялық мониторинг қорытындысын жариялады. Зерттеу барысында елдегі ауа мен су сапасы, топырақтың ластануы және радиациялық жағдай тексерілген. Ең күрделі жағдай Талдықорғанда тіркелген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қорғасынның топырақтағы шекті мөлшері 32 мг/кг болуы керек. Ал Талдықорғанда бұл көрсеткіш 599,8 мг/кг-ға жеткен. Яғни белгіленген нормадан шамамен 19 есе көп.

Шекті деңгейден асу деректері басқа қалалардан да анықталды. Текеліде қорғасын мөлшері 78,6 мг/кг, Балқашта — 72,1 мг/кг, Кентауда — 57,6 мг/кг, Жаркентте — 50,4 мг/кг болған. Сондай-ақ Шымкент, Түркістан және Қызылорда топырағынан да қорғасынның шамадан тыс мөлшері табылды.

Мониторинг кезінде елдегі 101 елді мекеннің топырағы зерттелген. Мамандар сынамалардан қорғасыннан бөлек кадмий, мыс, марганец, күшән, хром, мырыш және мұнай өнімдерінің бар-жоғын тексерген.

Зерттеу қорытындысында ауа сапасына қатысты да бірқатар мәселе анықталды. Қазан айында Қазақстанның 70 елді мекенінде бақылау жүргізіліп, соның сегізінде ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланған. Олардың қатарында Алматы, Қарағанды, Теміртау, Ақтөбе, Хромтау, Петропавл, Шұбаршы кенті және Достық ауылы бар.

Тағы 29 елді мекенде ауа сапасы көтеріңкі ластану деңгейіне жатқызылса, 33 қала мен ауылда көрсеткіш төмен болған. Былтыр қазан айында ауасы қатты ластанған елді мекендер саны 12 болған еді.

Су сапасын тексеру барысында 126 нысан қамтылған. Соның 15-інің суы алтыншы класқа жатқызылды. Мұндай суды ауызсу ретінде, егін суаруға немесе демалыс мақсатында пайдалануға болмайды. Ал Шығыс Қазақстандағы Үлбі, Красноярка және Тихая өзендерінде жоғары ластану деректері тіркелген.

Радиациялық жағдай бойынша қауіп анықталған жоқ. Елдегі орташа гамма-фон сағатына 0,13 микрозиверт болған. Бұл рұқсат етілген шектен төмен.