Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаев түрмеден босатылуы мүмкін

Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаев түрмеден босатылуы мүмкін
gov.kz

Алматы облысындағы Алатау қаласының соты бұрынғы Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевты денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандырған. Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналистің мәліметінше, сотталған азаматтың өтініші өткен аптада қаралған. Алайда сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Кәрім Көкірекбаев 396 миллион теңге пара алды деген айыппен 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының экс-топ-менеджері болған. Сондай-ақ 2022 жылғы 27 желтоқсанға дейін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесін басқарған.

2022 жылғы 27 желтоқсанда Көкірекбаевты Антикор қызметкерлері мердігерден пара алды деген күдікпен ұстаған. Іс бойынша «Bazis Construction INFR» ЖШС басшысы Андрей Поплавский мен Көкірекбаевтың орынбасары Әділет Ахатаев та жауапқа тартылған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, компания өкілі Кәрім Көкірекбаев пен оның орынбасарына Хоргос өзеніндегі қорғаныс нысандарында орындалмаған жұмыстарға қатысты актілерге қол қойғызу үшін 396 миллион теңге берген. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 2 миллиард теңгеге жуық деп бағаланған.

2024 жылдың жазында алқабилер соты Андрей Поплавский мен Әділет Ахатаевты кінәлі деп танып, Кәрім Көкірекбаевты ақтаған. Алайда кейін бұл үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілген.

2025 жылдың шілдесінде сот істі екінші рет қарап, мемлекеттік мекеме қызметкерлерін пара алғаны үшін, ал «Базис» компаниясының еншілес құрылымының басшысын пара бергені үшін кінәлі деп таныған. Нәтижесінде Көкірекбаев 12 жылға, ал Әділет Ахатаев пен Андрей Поплавский 11 жылға сотталған.

Михаил Козачковтың жазуынша, Кәрім Көкірекбаев қамауда болған кезінде тағы бір құқықбұзушылыққа барған. Ол жұбайымен телефон арқылы сөйлесуіне көмектесуі және оны сот ғимаратына заңсыз кіргізуі үшін конвой қызметкеріне 20 мың теңге берген. Осы әрекеті үшін оған 300 мың теңге айыппұл салынған.

Енді журналистің дереккөзі бұрынғы әкімнің денсаулық жағдайына байланысты бостандыққа шығуы мүмкін екенін хабарлаған. Бұл Қазақстан Қылмыстық кодексінің 75-бабында көзделген.

Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі бұл мәселеге қатысты түсініктемені дүйсенбі күні беруге уәде еткен.