Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ жігіті Жәнібек Савельев көпшілікке бұрын айтпаған өмірлік оқиғасымен бөлісті. Ол туған жері Арқалыққа барған сапарында биологиялық анасы қалдырған қоштасу хатын алғанын және кейін оны жазған әйелмен кездескенін мәлімдеді.
Жәнібек Савельев әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше ай бұрын Индонезияға жасаған сапарынан естеліктер жариялауды жоспарлап отырғанын айтты. Сонымен қатар ол ұзақ уақыт бойы ішінде сақтап келген, өміріне тікелей қатысты ерекше оқиғаны баяндауға шешім қабылдаған.
Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрын өзі дүниеге келген Арқалық қаласындағы перзентханаға арнайы барған. Сол жерде күтпеген жаңалыққа тап болған.
«Араларыңызда менің бірнеше жыл бұрын туған жерім — Арқалықтағы перзентханаға барғанымды еске алатындар бар шығар. Ол сапар мен үшін ерекше маңызды еді. Өзім дүниеге келген жердің дәліздерін аралап жүргенімде, қолыма биологиялық анамның мен дүниеге келген кезде қалдырған қоштасу хатын берді. Оның бар екенін осы уақытқа дейін білмеген едім», – деп жазды Жәнібек.
Ол хатты алғаш оқыған сәтте ерекше толқығанын жасырмады. Себебі бұл жазба оның өмірінің алғашқы күндерінен қалған маңызды естеліктердің бірі болған.
«Ол хатты алғаш оқыған сәтте қандай күйде болғанымды сөзбен жеткізу қиын. Хаттағы сөздер мен кейбір мәліметтер жүрегімді қатты толқытты. Жылдар бойы түрлі сұрақтарға жауап іздеп, өмірімнің бастауын түсінуге тырысып жүрдім. Ал сол күні өмірімнің алғашқы күндерінен қалған бір естелік қолыма тиді. Оны оқып отырып, көз жасымды ұстай алмадым», – деді ол.
Жәнібек хатты жазған әйелмен Астанада кездескен
Жәнібектің айтуынша, хатты алғаннан кейін ол жазбаның авторын іздестіруге кіріскен. Іздеу жұмыстары нәтижесінде хат қалдырған әйел табылып, екеуі Астанада жүздескен.
Бұл кездесу Жәнібек үшін өміріндегі ерекше сәттердің біріне айналған.
«Біз сол хатты жазған әйелді де іздей бастадық. Ақыры, оны таптық. Онымен Астанада кездестік. Бұл кездесу мен үшін өте ерекше әрі жүрегіме терең әсер қалдырды», – деп жазды ол.
Алайда Жәнібек кездесудің барлық мән-жайын әзірге жария етпеген. Ол бұл оқиғаның жалғасы бар екенін және оны көпшілікке біртіндеп айтып беретінін жеткізді.
«Сол кездесуден кейінгі оқиғаларды осы уақытқа дейін сіздерге айтып көрмеппін. Өйткені бұл оқиғаның жалғасы да бар, әрі оның бәрін бірден айтып жеткізу оңай емес», – деді Жәнібек.
Сондай-ақ ол өзінің туған жерін, шыққан тегін іздеу жолында қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғысын білдірді.
Жәнібек Савельев алдағы күндері Индонезия сапарынан суреттер жариялап, туған анасының хатына байланысты оқиғаның қалай өрбігенін де баяндауға уәде берді.
Айта кетейік, Бельгияда өскен Жәнібек Савельев бұған дейін Қазақстанға келіп, өзінің биологиялық отбасын іздеуімен көпшілікке танылған болатын. Оның тағдыры мен туған анасын іздеу оқиғасы қазақстандықтардың назарын аударған.