6 млн теңгеге жуық экологиялық шығын: екі ер адам бір жылға сотталды

6 млн теңгеге жуық экологиялық шығын: екі ер адам бір жылға сотталды
Ашық дереккөз

Ақмола облысының екі тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысындағы көлден 336,4 келі артемия жұмыртқасын заңсыз өндіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды. Мемлекетке келтірілген экологиялық шығын 5,9 млн теңгеге жуық, деп хабарлайды dalanews.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының мәліметінше, оқиға 2025 жылғы шілдеде Тайынша ауданындағы көлдердің бірінде болған. Екі ер адам су биологиялық ресурстарын заңсыз өндіру туралы алдын ала келісіп, түнгі уақытта көлге барған.

Олар 336,4 келі артемия жұмыртқасын заңсыз жинап, оны ақшалай сыйақыға сатуды жоспарлаған. Алайда оқиға орнында полиция қызметкерлері ұстап, өндірілген биологиялық ресурстар мен аулау құралдарын тәркілеген.

Тергеу материалдары бойынша, мемлекетке келтірілген экологиялық залал 5 952 104 теңгені құраған.

Сот барысында айыпталушылар кінәларын мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінген және келтірілген шығынды толық өтеген. Соған қарамастан, сот қылмыстың пайдакүнемдік сипатын, алдын ала сөз байласуды және экологиялық залалдың көлемін ескеріп, нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 21 қыркүйектегі үкімімен екі азамат Қылмыстық кодекстің 335-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Рақымшылық туралы заң ескеріліп, әрқайсысына бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.

Үкім заңды күшіне енді.

Айта кетейік, артемия салинаның жұмыртқалары балық өсіруде, фармацевтика өнеркәсібінде және басқа да салаларда қолданылады. Оны бақылаусыз өндіру су экожүйесіне және табиғи тепе-теңдікке зиян келтіруі мүмкін.