Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх мерзімінен бұрын қызметінен кетті. Ел парламенті мемлекет басшысының отставкаға кету туралы өтінішін мақұлдады. Бұл шешім оның атына қатысты жемқорлық айыптаулары айтылған тұста қабылданды, деп хабарлайды dalanews.kz.
19 қарашада Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралы президенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін қарады.
Парламенттің ресми мәліметінше, отырысқа қатысқан 104 депутаттың 96-сы Хүрэлсүхтің отставкасын қолдаған. Бұл – дауыс беруге қатысқандардың 92,3 пайызы.
Ухнаагийн Хүрэлсүх президенттік қызметін өз еркімен мерзімінен бұрын тоқтатқан Моңғолия тарихындағы алғашқы мемлекет басшысы атанды.
Президент не себепті қызметінен кетті?
Бұған дейін Моңғолияда президентке қатысты жемқорлық айыптаулары айтылған болатын.
Саяси қарсыластары Хүрэлсүхтің премьер-министр қызметін атқарған кезеңіндегі теміржол құрылысына байланысты қаржылық заңбұзушылықтарға қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Атап айтқанда, мәселе Таван-Толгой көмір кен орнымен байланысты теміржол жобасына қатысты көтерілген. Алайда Хүрэлсүх өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, оларды беделіне нұқсан келтіру әрекеті деп бағалады.
Сондай-ақ ол тиісті тергеу жүргізілуіне дайын екенін жеткізді. Жемқорлыққа қарсы органдар президенттің заңсыз төлем алғанын растайтын дәлелдер анықталмағанын хабарлаған.
17 қарашада мемлекет басшысы қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеген еді. Екі күннен кейін парламент оның өтінішін ресми түрде мақұлдады.
Моңғолияны енді кім басқарады?
Ел Конституциясына сәйкес, жаңа президент сайланғанға дейін мемлекет басшысының өкілеттігі Ұлы мемлекеттік хурал төрағасы Сандагийн Бямбацогтқа берілді. Ол жаңадан сайланған президент ант қабылдағанға дейін ел басшысының міндетін атқарады.
Парламент Моңғолияда мерзімінен бұрын президент сайлауын ұйымдастыруы тиіс.
Айта кетейік, Ухнаагийн Хүрэлсүх 2021 жылғы маусымнан бері Моңғолия президенті қызметін атқарып келген. Бұған дейін ол елдің премьер-министрі болған.