Ресейде Ан-12 ұшағы апатқа ұшырап, 19 адам қаза тапты

Ресейде Ан-12 ұшағы апатқа ұшырап, 19 адам қаза тапты
Көрнекі сурет, ЖИ: Dalanews.kz

Ресейдің Кемеров облысында әскери-транспорттық Ан-12 ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 19 адамның барлығы қаза тапты. Бұл туралы Ресей Қорғаныс министрлігі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, оқиға 17 қарашада жоспарлы ұшу кезінде болған. Ұшақ адам тұрмайтын аумаққа құлаған.

«Кемеров облысында жоспарлы ұшу кезінде әскери-транспорттық Ан-12 ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ адам тұрмайтын жерге құлаған. Бортта экипаж мүшелерімен бірге 19 адам болған. Олардың барлығы қаза тапты», – деп хабарлады Ресей Қорғаныс министрлігі.

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа техникалық ақау себеп болуы мүмкін.

Апаттың барлық мән-жайын анықтау үшін оқиға орнында Ресейдің Әуе-ғарыш күштерінің комиссиясы жұмыс істеп жатыр.