ҚазҰУ-да қаза тапқан студенттің туыстары тың деректерді айтты

ҚазҰУ-да қаза тапқан студенттің туыстары тың деректерді айтты
Фото-коллаж: Alash.kz / ЖИ

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында қайтыс болған бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртайдың жақындары қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. Марқұмның туыстары студенттің бұған дейін жоғары курс студенттерінен әлімжеттік көргенін айтып, оның өліміне қатысы болуы мүмкін барлық адамның жауапқа тартылуын талап етті, деп dalanews.kz тілшісі Ulysmedia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайтыс болған студенттің туысы Ұлдана Сегізбайдың айтуынша, Дауыл Бәкіртай жатақханадағы жағдай туралы жақындарына бірнеше рет шағымданған. Ол жоғары курс студенттерінің түрлі сылтаумен тиісіп, түн ішінде дүкенге жұмсайтынын айтқан. Туыстары бұл жағдайдың қайғылы оқиғамен аяқталатынын күтпегендерін жеткізді.

Марқұмның туысының сөзінше, оқиға 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні университет жатақханасында болған. Оның айтуынша, екінші курста оқитын сегіз студент Дауыл Бәкіртай мен тағы бір бірінші курс студентін бөлмеге шақырып алып, соққыға жыққан.

Жанжалдың нақты неден басталғаны белгісіз. Алайда туыстарының мәліметінше, сол түні студенттер университетте өтетін бір іс-шараға дайындалған.

"Олар түнде жатақхананың бір бөлмесіне шақырып алып, жабылып ұрған екен. Артынша анықтағанымыздай, ол сол түні университетте өтетін бір шараға дайындалған екен. Одан кейін мына інім Дауыл Бәкіртайды және тағы да бір баланы шақырып алып, тиісіп бастаған", – деді марқұмның туысы.

Ол жанжалға қатысқан болуы мүмкін студенттердің сөзін де жеткізді.

"Шамасы, шараға дайындық кезінде бір нәрсеге келісе алмай қалды ма, білмеймін. Келіп тиісіп бастаған. Қасындағы жәбір көрген баланың бізге айтқаны бойынша, неге тиісіп жатсыңдар дегенде: "Жай, сендер бізге ұнамайсыңдар", – деп ұрған екен", – деді ол.

Бұл мәліметтер әзірге марқұмның туыстарының сөзіне негізделген. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысқан барлық адамның әрекетіне қатысты толық ресми ақпарат жариялаған жоқ.

Ұлдана Сегізбайдың айтуынша, жанжал кезінде Дауыл Бәкіртай есінен танып құлаған. Оның сөзінше, оқиғаға қатысқан студенттер бастапқыда жігіт есін қайта жинайды деп ойлаған. Сол себепті жедел жәрдем бірден шақырылмаған.

"Басында Дауылды аяусыз ұрған, артынша ол жерге құлаған кезде екінші курстың студенттері оны талып қалды деп ойлаған. Содан оны есін жиғызу үшін қасындағы досына оның екі аяғын аспанға қаратып қоюды тапсырған", – деді туысы.

Ол оқиғаның түнгі сағат он екіден кейін болғанын, ал жедел жәрдем шамамен сағат 01:30-да шақырылғанын айтты. Марқұмның жақындары медициналық көмектің кеш көрсетілгеніне алаңдап отыр.

"Сонда арада бір жарым сағаттай уақыт текке кетті. Егер олар жедел жәрдемді ертерек шақырса, мүмкін, аман қалар ма еді", – деді Ұлдана Сегізбай.

Туысының айтуынша, мәйітханада оларға Дауылдың жүрек тұсына тиген ауыр соққыдан қайтыс болғаны айтылған. Сондай-ақ ол марқұмның кеуде тұсында көгерген және қызарған іздер болғанын мәлімдеді. Дегенмен студенттің өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптаманың ресми қорытындысымен ғана анықталады. Әзірге мұндай қорытынды көпшілікке жарияланған жоқ.

Марқұмның туыстары университет жатақханасында жоғары курс студенттері тарапынан әлімжеттік көрсетілгенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, Дауыл Бәкіртай қайтыс болардан бір күн бұрын Алматыдағы туыстарының үйіне барған.

Сол кезде ол жатақханадағы жағдайға көңілі толмайтынын айтып, жоғары курста оқитын студенттердің мазасын алатынына шағымданған.

"Қаза боларының алдында туысымыздың үйіне келгенде, жоғары курс студенттері әлімжеттік көрсетіп, мазасын алатынын айтты. Біресе дүкенге бар, біресе тағы басқа деп тыныштығын алып жүрген. Сол күні көңіл күйі болмай отырған еді", – деді Ұлдана Сегізбай.

Оның сөзінше, жатақханада бірінші курс студенттеріне қатысты бейресми талаптар қалыптасқан.

Атап айтқанда, екінші курс студенттеріне міндетті түрде «сіз» деп сөйлеу, қол алысып амандасу және үлкен курста оқитын қыздарға ерекше құрмет көрсету талап етілгені айтылады.

"Екінші курсқа сіз деп сөйлеу керек, қол алып амандасу керек, тіпті екінші курстың қыздарын алыстан көре салысымен тіке қарамай, бірден амандасу керек деген сияқты миға сыймайтын өздерінің заңдарын орнатып алған", – деді марқұмның туысы.

Сондай-ақ студенттерді түн ішінде тұрғызып, дүкенге жұмсайтыны туралы да айтылған. Туыстары мұндай әрекеттерге университет әкімшілігі тарапынан тиісті бақылау болмаған болуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.