Атырауда қызылша өршіп тұр ма? Бір жастағы бала қайтыс болды

Атырауда қызылша өршіп тұр ма? Бір жастағы бала қайтыс болды
depositphotos.com

Атырау облысында бір жастағы бала ауыр халде инфекциялық ауруханаға жеткізілгеннен кейін көз жұмды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала 14 қарашада Жылыой ауданынан санитарлық авиация арқылы облыстық инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Оған дейін аудандық ауруханада ем қабылдаған.

«Ауруханаға түскен кезде баланың жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Негізгі ауруының аясында екіжақты пневмония, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыды. Медицина мамандары қарқынды терапияның толық кешенін жүргізді. Қабылданған емге қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Ведомство дерегінше, 2026 жылғы 1 қазан мен 17 қараша аралығында Атырау облысында қызылшаның зертханалық жолмен расталған 45 жағдайы тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде 78 жағдай анықталған.

Қазір ауруханада жеті адам ем қабылдап жатыр. Олардың төртеуінен қызылша зертханалық жолмен расталса, тағы үшеуіне әзірге күдік бар.

Денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға жатқызылған науқастардың басым бөлігі қызылшаға қарсы екпе алмағанын атап өтті.